Құмар Ақсақаловқа судың қарғысы тиген бе?
Биыл су тасқынына қарсы іс-шараларды дер кезінде орындамағаны үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан ескерту алған әкімдердің қатарында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та бар.
Президенттің ескертуінен Құмар Ақсақалов нәтиже шығарды ма, жоқ па, оны Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.
Су қарғысы тиген Ақсақалов
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов үшін көктемгі су тасқыны оның карьерасындағы алғашқы сынақ емес. Ол 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда да дәрменсіздік танытқан. Су тасқынының алдын-алу шарасымен шұғылданудың орнына, қолын мезгілінен кеш сермеп, оның салдарымен күрескен.
Ол кезде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылында 146 тұрғын үйді су басып, 578 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Ғаламторда сол кездегі сүреңсіз суреттер әлі де сақтаулы тұр. Құмар Іргебайұлының өзі жұмысшыларға жәрдемдесіп, су басқан үйлерден жиһаздарды шығарысқан. Бұл фотолар сол кезеңнің нақты көрінісіндей болып сақталып қалды.
2022 жылы ол Қостанай облысының әкімі ретінде су тасқынының алдын ала білді. Алайда биылғы маусымға дайын болмай шықты. Мүмкін, босаңсып, қырағылық таныта алмады.
Қыс бітті. Көктем келді. Алайда бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай барлық әкім «көктемгі су тасқынына дайынбыз» дегенді айтты. Ал «Қазгидромет» жыл басында биыл жауған қардың мөлшері рекордтық деңгейде екенін, наурыз айының соңында ауа райы күрт жылынатынын, бұл, әрине, су тасқынына әкеліп соғатынын қайта-қайта айтты. Синоптиктер соқырға таяқ ұстатқандай қылып, су тасқыны қауіп төндіріп тұрған өңірлерді де атаған еді.
Тосыннан болды ма, әлде дайындықсыз отырды ма?
Қазақстандықтар «Қазгидрометтің» «ескертулеріне» сүлесоқ қарайтын. Оған себеп те жоқ емес. Алайда осы жолы айтылған болжамдар айна қатесіз келді. Ұлыстың ұлы күнінде күн күрт жылынып, алдағы қауіпті тағы да ескерткендей еді.
Ал 25 наурызға қарай барлық қауіпті аймақта қарғын су жылға-жылғаны қуып, елдімекендерге қатер төндіре бастады. Міне, сол кезде жергілікті биліктің «әдемі» есептері тек қағаз жүзінде екені белгілі болып, жұрт абдырай бастады.
Ақпан айының соңында өткен Үкімет отырысында да Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге қырағы болу керектігін айтқан еді.
– Жоспарланған 218 шараның 92-сі әлі орындалған жоқ. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шараларды орындамаған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын, — деді Бектенов.
Ол сондай-ақ:
– Соңғы үш жылда алдын алу шараларына қарамастан, жыл сайын Ақмола, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елдімекендерді су басады… 2017 жылдан бері аталған өңірлерде үш жылдық жол карталары бекітіледі. Олардың кейібірі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алайда жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі орындалмай, келесі жылға қалып кетеді. Бәріне қажет қаражаттың жоқтығы себеп, — деді Үкімет басшысы.
«Бәрі бақылауымызда»
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов стихиялық құбылыстарға төтеп беру үшін не істеді? Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында әкім 27 наурыздан бастап аймақтың оңтүстігіндегі аудандарды ерекше бақылауына алғанын жазған. Бірақ оның жазбасының астындағы фотоларға қарағанда жағдай ерекше бақылауда екеніне күманданып қаласың.
Бүгінде мен су тасқыны жағдайын, әсіресе, облыстың оңтүстік өңірлеріндегі жағдайды жеке бақылауда ұстаймын», — делінген оның 28 наурыздағы жазбасында.
Айта кетерлігі, синоптиктердің мәліметінше, облыста мұндай су тасқыны бұрын-соңды болмаған. Егіс алқаптарында қалыпты мөлшерден бірнеше есе көп қардың жиналуы байқалады. Өткен жылы жауын-шашынның көп түсуіне байланысты топырақтың ылғалдылығы жоғары.
Содан кейін ол алда атқарылар шараларды, оған қажетті техника мен адам күшін тізбектеп жазды.
Құмар Ақсақаловтың 29 наурыздағы жазбасы қабылданған шаралар, адам мен техника саны жағынан бұрынғысын іс жүзінде қайталады.
Төтенше жағдай жарияланған оңтүстік аудандардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша жедел штаб отырысын өткіздік. Әлеуметтік көмек көрсету, су тасқынының зардаптарын жою, байланыс, электр қуаты, жол қатынасы, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және т.б. мәселелер қаралды, — деді әкім.
Ал келесі жазбаларында ол су тасқынынан зардап шеккен халықтың және су кірген елдімекендердің видеоролигін жариялап, тағы да «есеп» берді.
Дәрменсіз әріптестері секілді ол да зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтып, ортақ жауға қарсы тұрайық, бірігейік деген ұран тастады.
«Қате кімнен, сол төлесін»
Дәл сол күні аймақтағы су тасқынына қарсы шараларды өз көзімен көрмекке жұмыс сапарымен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келді. Қоғам белсендісі, журналист Кирилл Павлов фейзбуктегі жеке парақшасында әкім Құмар Ақсақаловты жауапкершілікке тарту туралы видеоүндеу жасады.
– Қостанайда эвакуация жүріп жатыр», — деп жазды ол. – Кешіріңіз, бірақ не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Өйткені ашуланғаннан, ренжігеннен ештеңе өзгермейді. Құмар Іргебайұлы, орынбасарларыңыз сізге ақпаратты жеткізбеді ме?
Мен бұл аймақта су басу қаупі жоғары екенін алдын ала ескерттім ғой. Тіпті кей жерлерге қатысты нақты қай күні екенін де айттым. Сізбен жеке жолығуды сұрап, табан тоздырдым. Бірақ сіз жұмысбастылығыңызды сылтауратып, кездесуден бас тарттыңыз…
Ақсақаловтың нөкерлері қауіп-қатер жайлы алдын ала ескертуге құлақ аспады. Міне, зардабын халық көріп жатыр. Төтенше жағдайды жою облыс әкімінің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуы керек. Біз саған ескерттік пе, Ақсақалов? Ескерттік. Енді шығынды сіз төлеуіңіз керек.
Кирилл Павловтың ескертуіне тек әкім ғана емес, үкімет басында отырғандар да құлақ асуы керек еді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы сөз жүзінде қалып отыр. Ал егер халықтың айтқанына мән бергенде, осындай жағдай болмас еді-ау.
Фото ашық дереккөзден алынды.