«Отбасын ешбір ақша, байлық ұстап тұра алмайды» дейді Бишімбаевтың бұрынғы әйелі

0
476

Бұрынғы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың екінші әйелі Назым Қахарман  “Умные люди с Асель Кожаковой” Ютуб арнасында сұхбат берді деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы.

Соңғы 13 жылда фитнес, сұлулық салондары секілді шағын бизнестермен айналысқан Назым Қахарман Бишімбаевпен Алматыда танысқанын айтады. Өздері танысқанда Қуандық қазіргідей емес, өте ақылды, болашағы жарқын адам болғанын тілге тиек еткен Назым өздерінің 14 жылдық отбасылық өмірінің алғашқы уақытында бәрі ойдағыдай болғанын еске алды.

“Иә, оның шектен тыс эмоционалды екенін білетінмін. Кез келген нәрсені жүрегіне тез қабылдайтын. Жұмыста бір нәрсе дұрыс болмай қалса, уайымға түсетін. Түндерде аз ұйықтайтын. Кейде тіпті әзілдің өзіне ренжіп қалатын”,-дейді Назым. Бишімбаевтың бұрынғы әйелінің сөзіне қарағанда, Қуандықтың шынайы бейнесі екінші балалары дүниеге келгенде біртіндеп көріне бастаған. “Қуандық екеуміз тең дәрежедегі адам едік.

Байлық, мансап жағынан алып қарағанда. Алайда отбасыны сақтап қалуға ақша да, байлық та көмектесе алмайды екен. Материалдық жағдайымыз керемет болғанымен, әшкі жандүниемде тыныштық жоқ еді. Өйткені 7/24 Қуандықтың айтқанымен өмір сүру өте қиын еді. Ол әңгімелессе де тек өзі туралы айтудан жалықпайтын”,- деген Назым Қахарман  үшінші баласы дүниеге келгенде ажырасу туралы ой мазалай бастағанын айтады.

“Мені Салтанат Нүкенова секілді ұрып-соқпады. Алайда біз бірге тұратын кезде де Қуандық қолына түскен затты лақтырып, күшпен итеріп жіберетін әдеттері болатын. Және сол кезде ол әрекетін “жоқ, ол затты саған лақтырмадым”, “жоқ, мен сені итермедім, өзің сүрініп кеттің” деген сыңайдағы жауаптары әзір тұратын. Агрессивті адам еді”,- дейді Назым.

Физикалық тұрғыдан жасалатын мұндай соққыдан бөлек, “енді сен кімге керексің?” “үш баламен сені кім алады?” “жасың 30-дан асты, кәрісің” деген сыңайдағы психологиялық таптау сөздерімен де әйелін езіп-жаншып отырған Қуандық Бишімбаев өзінен басқа ешкімді жақсы көре алмайтын, психологиялық жарасы бар адам болған.

“Бишімбаевпен бірге өмір сүру — қолында гранатасы бар маймылдың қасында жүргендей қауіппен өмір сүру дер едім. Гранатаны қашан, қалай жарып жіберетіні белгісіз. Үздіксіз жүретін ұрыс-керістің келесі біреуі соңғы төзімімді бітірген еді. Сол күні оның агрессиясы шектен шықты. Бөлмемізге қашып тығылдым.

Алайда бөлменің есігін қиратқан оның айғайынан балалар оянып, 10 жасар балам “әке” деп аяғына жабысып, жалына бастады”,- деген Назым мынадай қорқынышпен өмір бойы өту мүмкін емесін түсініпті. “Бишімбаев — нағыз абьюзер” деген Назым  одан ажырасқанына еш өкінбейтінін айтып, бүгін тағы қай жерден, қалай ұрыс шығады екен деген қорқыныштан арылып, тыныш өмір сүріп жатқанын айтады.

Фото ашық дереккөзден алынды.