Шенеуніктерге жеке көлікпен жүруге тыйым салды

0
114

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласының мэрі қала әкімдігі қызметкерлеріне аптасына екі рет жеке көлікпен жүруге тыйым салатын ерекше құжатқа қол қойды. Бұл туралы 24.kg сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Басылым мәліметінше, құжатқа қала басшысы Айбек Джунушалиев қол қойған. Муниципалитет бұл ақпаратты растады.

Құжатқа сәйкес, қала әкімдігі орталық аппаратының, ведомстволық және аумақтық бөлімдердің, муниципалды кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері мен бөлім басшылары: апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері қала ішінде жүру үшін тек қоғамдық көлікті пайдалануы; қоғамдық көлікте жүргенде жүргізушінің санитарлық нормаларды, қызмет көрсету сапасын және төлем әдістерін сақтауын қадағалауы; қызметтік көліктерді тек жұмыс үшін пайдалануы; қалалық әкімдіктің көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бөлімі көшпелі жиындар өткізу үшін көлік ұйымдастыруы керек.

Әкімдіктің ведомстволық және аумақтық бөлімдерінің, муниципалды кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары әр айдың 25-іне дейін атқарған жұмысы туралы есеп беруге тиіс, деп жазады басылым. Кейін қалалық әкімдік бұл шектеу экологиялық жағдайды жақсарту және қоғамдық көліктердің сапасын бақылап, талдау мақсатында енгізіліп отырғанын түсіндірді.

Шектеулерді енгізу үшін сейсенбі мен бейсенбі Бішкекте көлік қозғалысының ең қарқынды күндері ретінде таңдалды, дейді әкімшіліктегілер. Жаңа ереже көшелердегі кептелісті азайтып, қоғамдық көлікке сұранысты арттырады деп болжанып отыр.

«Муниципалитет қызметкерлерінің қоғамдық көлікті пайдалануы азаматтар мен басқа да ұйымдарға үлгі болып, қозғалыстың экологиялық және тиімді жолдарын ынталандырады.

Бұл өз кезегінде көлік жүйесінің дамуын ынталандырып, атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын азайтады», — деп толықтырды әкімдік өкілдері.

Фото ашық дереккөзден алынды.