Желіде жас жігіт іздеген апа: «Тоқаев атамыздың келінімін»

0
398

Осыдан бір жыл бұрын желіде «Дубайға баратын жас жігіт іздеймін» деп жұртты шулатқан Аятхан Құтымованың видеосы Tiktok әлеуметтік желісінде 1,6 млн қаралым жинаған.

Ол кісіні тауып, әңгіме өрбіткенімізде ерекше тағдыры мен ұстанымы жайлы айтып берді. Аятхан әже Дубайға бірге баратын жас жігітін тапты ма және қазір немен айналысып жатқанын Azattyq Rýhy тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

«Мен Ұлы жүздің Суан деген елінің қызы боламын» деп бастады ол әңгімесін. Туған жері Жетісу облысы Жаркент қаласының жанындағы Қоңырөлең деген ауыл екен. Қарапайым отбасыдан шыққан.

«Жолдасым — жалайыр, Өскен ауылының еліне келінбіз. Былай айтқанда, Тоқаев атамыздың келінімін. Қазір зейнеттемін, бірінші топтағы мүгедекпін. Менің кеудемдегі жүрек — біреудікі, яғни, донордың жүрегімен жүрмін. Осы жылдың 19 тамызында донор жүрегінің кеудемде соғып тұрғанына 13 жыл толады. Екі ұл, екі қызымнан тараған 29 немерем мен 4 шөберем бар», — дейді ол.

Әженің айтуынша, оның жүрегінде туа біткен ақау болған. Сондықтан донордың жүрегін салуға ота жасатқан.

«Маған жүрегін беріп, донордың кім болғанын ешкім айтпады. Себебі донордың өзі анонимді түрде болғанын қалаған екен. Донор маған екінші өмір сыйлады. Бірінші топтағы мүгедек болғаннан кейін дәрі-дәрмектің күшімен, қан қысымын өлшеумен күнелтіп келеміз. Отағасы медицина қызметкері, көп жағынан өзі қолдау көрсетеді. Уақытылы система, дәрі-дәрмегімді беріп отырады. Түнде ұйықтауға жатсам, таңертең оянуыма дұға жасап жататын адаммын. Жүректің тақырыбы мен үшін өте ауыр», — дейді ол.

Аятхан ханымның Tiktok әлеуметтік желісінде Дубайға баратын жас жігітті іздейтін видеосы 1,6 млн қаралым жинағанын айтты.

«Мен әлеуметтік желіде салатын видеоларымда қоғамда болып жатқан барлық мәселені астарлап көрсетемін. Қазір ер адамдар жұмыс істегесі келмейді. «Коланың» құтысын ұстап, өздерін саудалап жүр. Сол түсірілген видеоның астарында осы мәселе тұрған. Яғни, мен Дубайға барған жоқпын», — дейді зейнеткер.

Оның әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны қазір 90 мың адамнан асқанын айтты. Бірақ бастапқыда әженің астарлап түсірген видеосын көбі түсінбеген.

«Көп пікір иесі мені балағаттап, алжығансың, аурусың деп жазатын. Кейін оқырманыма видеолардың астары бар екенін айттым. Елімізде су тасқыны болып жатқан кезде мен суда тұрып, күші адал, сүті арам дейтін есектің дауысын салып, ақырдым. «Дауысым арыстанға жете ме екен?» деген тақырып жазып қойдым. Яғни, суға батып жатқан халқымның жанайқайы жоғарыда отырған тұлғаларға жете ме екен деген ойым еді. Оны түсінген халқым кейінгі кезде астарлап жазатынымды тәпсірлеп, танып жүр», — дейді Аятхан Құтымова.

Ол көпшіліктің пікіріне жауап жазып, қарсыласу мүмкін емес екенін айтады. Кейде көңілді әндерге билеп те алады.

«Қысқа киім киіп те билеп жүремін. Адамның тәні қартайса да, жаны, көңілі қартаймайды. Оның үстіне жүрегім 13 жаста болған соң ешқандай ұялу, «комплексім» жоқ. Tiktok әлеуметтік желісін ойлап тапқандарға алғыс айтамын. Турасынан, тікелей айтсақ қолға кісен салып, темір тордың артына тығады. Сол үшін көп дүниені астарлап айтамын. Бұл әлеуметтік желі арқылы танылып, мені теледидардағы бағдарламаларға да шақырды. Жақында «Тату-тәтті» бағдарламасына немере-келініммен қатысып келдім. Елдің алдына шығып жатқан бірінші бағдарлама бұл емес. Мен халықтың ортасында жүрген, ерке қызбын», — дейді әзілдеген әже.

Аятхан Құтымова әлеуметтік желіге «Мен саған ренжідім» әнін қосып, батпаққа аунап жатқан видеосын салған. Ол бұл видеода қазіргі жастардың ажырасуы көбейіп кеткенін көрсеткісі келген.

«Қазіргі жастар сезімнің буымен үйленіп алып, кейін ажырасады да балаларымыз, немерелеріміз тірі жетім болып жатыр. Қазақстан ажырасу бойынша рейтингтің алдына шыққан. Видеоларымды түсінбей жатқан адамдар соның тереңдігін түсінсе екен деймін. «Сайқымазақ» дейтіндер де бар. Енді сонау патша кезінде олардың қасында шут деген жүретін. Ол шуттардың өзі қалжыңға сүйеніп, бар шындықты айтатын. Шындықты тікелей айтса, патша басын алатын. Халықтың мұң-мұқтажын патшаға осы шут әзіл-оспақ арқылы жеткізетін. Біреудің басынан өткен оқиғаны мен де  осылай жеткіземін», — дейді ол.

Аятжан Құтымова бала кезінен актриса болуды армандаған екен. Кішкентай кезінде анасының әпкесінің жүріс-тұрысын, сөйлеген мәнерін салып, актерлік қасиеттерін шыңдағанын айтады.

«Ауылда Малбағар деген марқұм атамыз болатын. Өте қатал, ашуланғанда барлығын балағаттайтын. Сол кісінің де жүріс-тұрысын, мінезін салып күлдіретін едім. Жалғыз бауырыма «мен актриса боламын» деп айтатынмын. Қара жер хабар бермесін, бауырым қайтыс болды, бірақ менің миыма «актриса болу – жаман мамандық, болмайсың» деп сіңіріп тастаған. Содан кейін ол ойымнан арылдым. Қазір осы әлеуметтік желі арқылы кішкентай кезімдегі арманым орындалды деп ойлаймын. Түрлі рөлдерді сомдап жүрмін. Бірақ оқырмандар да әртүрлі, неше түрлі бейәдеп сөздер жазады. Оның ішінде жастар да бар. Олармен салғыласпаймын. Ештеңе дәлелдеп шаршамаймын. Өздерінің деңгейі сондай деп оайлаймын. Менің оқырманым 90 мыңнан асты. Мен бірде-бір видеомда боқтық сөз қоспаймын. Себебі үйдегі отағасы қанша ашуланса да, бейәдеп сөз айтпайды», — дейді ол.

29 немеренің әжесі балалары, оның ішінде қыздарының тәрбиесіне өте қатал екенін айтты.

«Немерелерімді еркелетемін. Жақсы көретін келіндерімнің атын атамай, есім қойып алғанмын. Немере-келінім өзімнің қолымда 15 жыл бірге тұрып келеді. Сол келінімнің еркелігі мен мінезін өзіме ұқсатамын. Балаларымның әкесі мен немерелерімнің атасына мың алғыс. Ішімде жатқан өнерім мен талантымды көрсетуге шектеу қоймай, «өзіңе ұнап тұрса, жаса» деп менің жүрегімді ойлап тұрады. Артық кетіп жатқан дүнием жоқ екенін білген соң ешбір шектеу қоймайды», — дейді ол.

Аятхан Құтымова әлеуметтік желідегі атағы артқан соң жарнамаларға, көпшілік баратын іс-шараларға шақырту алып тұрамын дейді. Оның пікірінше, шақырған жерден денсаулық болса қалмау керек.