Ирандағы соңғы оқиғалардан кейін «Аятолла» термині жиі айтыла бастады. Бұл жай ғана лауазым ба, әлде ерекше мәртебе ме? Бірге талдап көрейік, деп жазады Democrat.kz. сайты atoi.kz.-ке сілтеме жасап.
Атаудың мағынасы
«Аятолла» (араб тілінен аударғанда «Алланың белгісі») — шиит бағытындағы ислам ғалымдарына берілетін жоғары діни атақ. Бұл атақ иерархияда өте жоғары орынға ие.
Оған қалай қол жеткізеді?
Бұл атақ Президент сияқты сайланбайды немесе тағайындалмайды. Бұл — ұзақ жылғы білімнің нәтижесі:
Оқу: Діни қызметкер Ирандағы (Құм қаласы) немесе Ирактағы (Наджаф) діни орталықтарда ондаған жыл бойы білім алады.
Иджтихад: Ғалым ислам құқығында (фиқһ) өз бетінше шешім шығара алатын деңгейге (муджтахид) жетуі тиіс.
Танылу: Оны ресми орган емес, басқа беделді ұстаздар мен діни қауымдастық «Аятолла» деп мойындауы керек.
Ең жоғарғы саты: «Ұлы Аятолла»
Аятоллалардың арасында ең озықтары «Маpжа ат-тақлид» (еліктеу үлгісі) немесе Ұлы Аятолла атанады. Қарапайым сенушілер күнделікті өмірде (намаз, сауда, отбасы) осы адамдардың пәтуаларына сүйенеді.
Қандай құқықтары мен артықшылықтары бар?
Діни салық (Хұмс): Сенушілер өз табысының бір бөлігін тікелей Аятоллаға немесе оның қорына береді. Бұл қаржы медреселерді, қайырымдылық мекемелерін ұстауға жұмсалады.
Саяси ықпал: Иранда 1979 жылдан бастап ең жоғары билік — Рахбар (Жоғарғы Көшбасшы) тек жоғары деңгейлі діни қызметкерлер арасынан таңдалады.
Пәтуа шығару: Олардың шығарған діни шешімдері соңынан ерген жақтастары үшін заңмен тең.
Бұл тек Иранға ғана тән бе? Жоқ, бұл — шииттік исламға тән атақ. Мысалы, Иракта да ықпалды Аятоллалар бар (мысалы, Әли-Систани).
Мұрагерлік жоқ: Аятолла атағы әкеден балаға қалмайды. Ол тек жеке білім мен бедел арқылы келеді.
Саясат пен дін: Барлық Аятолла саясатпен айналыспайды. Кейбірі тек ғылым мен оқу-ағарту ісінде қалады.