Саясаттауншы Тимур Сейітмұратовтың айтуынша, күні кеше ғана Ресейде сенсациялық оқиға орын алған. Мемлекеттік Думада сөз сөйлеген КПРФ жетекшісі Геннадий Зюганов блогер Виктория Боняның президент Путинге жолдаған үндеуіне байланысты күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Зюгановтың пікірінше, егер тез арада экономикалық және қаржылық шаралар қабылданбаса, күзде Ресейде тарихи жағдай қайталануы мүмкін. Бұл сөздерді айтқан – ешқандай шетелдік сарапшы емес, ресейлік саясаткердің өзі. Өз кезегінде Зюганов Ресейде 1917 жылғы революцияның қайталану қаупі бар екенін ашық айтқан.
Тимур Сейітмұратов атап өткендей, Ресейдің Украинаға қарсы соғысының салдарлары туралы 2022 жылы-ақ америкалық сарапшылар ескерткен болатын. Олар Кремльдің бұл әрекеті Ресейдің өзіне қатты соққы болып тиетінін айтты. Сарапшылар Ресейдің экономикасы ғана емес, геосаяси ықпалы да зардап шегетінін болжап, Ресейдің халықаралық аренадағы тәуелсіз күш ретіндегі мәртебесін жоғалтатынын ескерткен еді.
Автор өзінің 2022 жылдың наурыз айында жазған мақаласында Ресейдің бұл соғыста жеңілгенін жазғанын еске салды. Оның ойынша, Ресей Украина территориясын басып алса да, стратегиялық тұрғыда үлкен жеңіліске ұшырады. Ресей экономикасы тоқырауға ұшырап, халықтың тұрмысы күрт нашарлап бара жатыр.
Ресейдің ең үлкен қателігі энергетикалық ресурстарды саяси қару ретінде асыра пайдалануында болды. 2018-2019 жылдары Ресей Еуропаға жылына 175-180 млрд текше метр газ экспорттаған болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 18 млрд текше метрге дейін қысқарған.
Қазір Еуропаның премиум газ нарығындағы Ресейдің орнын АҚШ толығымен басып алды. АҚШ 2025 жылы сұйытылған табиғи газ экспортын рекордтық деңгейге жеткізіп, Ресейдің бұрынғы орнын иеленді.
Тимур Сейітмұратовтың айтуынша, Ресей экономикасының қазіргі жағдайы да қиын. 2026 жылдың басында Ресейдің ЖІӨ көлемі 1,8%-ға төмендеді. Ресейдегі көптеген компаниялар қарызға батқан, бюджеттің дефициті бірнеше жылда 15 триллион рубльге жеткен. Сонымен қатар елде төлем дағдарысы күшейіп, көптеген кәсіпорындар банкроттыққа жақындап тұр.
Автордың пікірінше, Ресейдің қазіргі қиын жағдайының басты себебі – Кремльдің Украинаға басып кіруі. Батыс елдерімен ынтымақтастықтың орнына, Ресей НАТО-ны өз шекарасына жақындатты, халықаралық серіктестерінен айырылып, Қытайға тәуелді елге айналды.
Сейітмұратовтың айтуынша, Ресей басшылығы осы шешімі арқылы тарихи қателік жасады. Егер Ресей өз жағдайын шынайы бағалап, осы жолмен жүрудің салдары туралы ойланбаса, Зюганов айтқандай, тарихтағы жүз жыл бұрынғы қателікті қайталауы мүмкін, деп түйіндейді автор.