Қазақстанда мұғалімдердің кәсіби қызметін бағалау тәртібіне жаңа көрсеткіш енгізу жоспарланып отыр. Енді педагогтің жұмысы балаларға қатысты заңсыз әрекеттерді қаншалықты дер кезінде анықтағанына қарай да бағалануы мүмкін. Балаларды қорғауды көздейтін бұл бастама онсыз да қағазбастылық пен сансыз міндеттен қажыған мұғалімдерге қосымша салмақ түсірмей ме, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің кәсіби қызметін бағалауға жаңа көрсеткіш енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, пилоттық жоба аясында мұғалімдердің балаларға қатысты заңсыз әрекеттерді дер кезінде анықтау қабілеті бағаланбақ.
Бастаманың мақсаты түсінікті. Балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу, қауіпті жағдайларды ерте анықтау және зардап шеккен оқушыларға уақытында көмек көрсету.
Алайда мұндай маңызды міндетті іске асырудың жолы да маңызды.
Өйткені мұғалімнің күнделікті жұмысы сабақ берумен ғана шектелмейді. Оқу бағдарламасын орындау, оқушылардың білімін бағалау, сабақ жоспарлау, құжат жүргізу, ата-аналармен байланыс орнату, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру — мұның бәрі педагогтің мойнында.
Енді осы міндеттерге балаларға қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау көрсеткіші қосылмақ.
Мұғалім баланы қорғауға міндетті. Бірақ оның мүмкіндігі қай жерде шектеледі?
«Педагог мәртебесі туралы» заңның 15-бабына сәйкес, мұғалім кәсіби қызметіне байланысты өзіне белгілі болған, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар әрекеттер туралы құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымының басшылығына дереу хабарлауға міндетті.
Демек, баланың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік педагог үшін бұрыннан бар.
Жаңа бастаманың айырмашылығы — осы міндеттің орындалуын мұғалімнің кәсіби жұмысын бағалайтын жеке көрсеткішке айналдыру көзделіп отыр.
Мәселенің күрделі тұсы да осында.
Мұғалім баланың мінез-құлқындағы өзгерісті байқауы мүмкін. Бірақ оның себебін анықтау үшін арнайы психологиялық білім, кей жағдайда медициналық сараптама немесе құқық қорғау органдарының тексеруі қажет болады.
Ал бала үйінде зорлық көріп, болған жағдайды ешкімге айтпаса ше? Мұғалім күдіктенгенімен, оны растайтын мәлімет болмаса ше?
Мұндай жағдайда педагогтің кәсіби қызметі қалай бағаланады?
Ең бастысы, мұғалім құқықбұзушылықты дер кезінде анықтай алмағаны үшін жауап бере ме, әлде өзіне белгілі болған жағдайды тиісті органдарға хабарлағаны үшін ғана бағалана ма?
Әзірге министрлік жариялаған ақпаратта бұл айырмашылық нақты түсіндірілмеген.
Балаларды қорғаудың жауапкершілігі тек мұғалімге жүктелмеуге тиіс
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында балаларға қатысты құқықбұзушылықтар саны 3,7 пайызға төмендеген.
Оң өзгеріс Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалған.
Соған қарамастан, министрлік бірқатар өңірде балалардың құқықтарын қорғау жұмысына арнайы мониторинг жүргізген.
Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен Жетісу өңіріндегі тексерулер қолданыстағы қорғау тетіктерін білім беру ұйымдары деңгейінде күшейту қажеттігін көрсеткен.
Осыған байланысты министрлік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, құқықбұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруді көздеп отыр.
Алайда баланың қауіпсіздігі — жалғыз мұғалімнің жауапкершілігі емес.
Мектеп психологі, әлеуметтік педагог, мектеп әкімшілігі, қорғаншылық органдары, полиция және ата-ана өз міндеттерін бірлесіп атқарғанда ғана балаларды қорғау жүйесі нәтижелі жұмыс істей алады.
Егер жаңа бастама мұғалімдерден қосымша есеп, анықтама, бақылау парақтары мен құжаттар талап етуге ұласса, баланы қорғау мақсатымен енгізілген өзгерістің өзі кезекті қағазбастылыққа айналуы мүмкін.
Мұғалімнің міндетін көбейткенше, қолындағы мүмкіндігін арттыру қажет емес пе?
Бүгінде мектеп мұғалімінен бір мезгілде бірнеше маманның жұмысын атқару күтілетін жағдайлар кездеседі.
Ол балаға білім беруі, тәрбиелеуі, психологиялық жай-күйін бақылауы, ата-анамен тіл табысуы, жанжалдың алдын алуы қажет.
Бұған қоса, балаларға қатысты заңсыз әрекеттерді анықтауы да кәсіби бағалау көрсеткішіне айналмақ.
Әрине, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келгенде мұғалім шет қалмауға тиіс. Бірақ педагогтің жауапкершілігін кеңейту оның кәсіби мүмкіндіктерін арттырумен қатар жүруі қажет.
Мұғалім күдікті жағдайды байқаса, кімге және қалай хабарлайды? Хабарлағаннан кейін баланы қорғау үшін қандай шаралар қабылданады? Мұғалімнің өз қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Ал хабарламаға жауапты мекемелер әрекет етпесе, кім жауап береді?
Жаңа жобада осы сұрақтардың жауабы болуы маңызды.
Өйткені баланың қауіпсіздігін мұғалімнің мойнына қосымша міндет арту арқылы ғана қамтамасыз ету мүмкін емес.
Мұғалім баланы қорғау жүйесінің маңызды бөлігі болуға тиіс. Бірақ ол бір мезгілде психологтің, әлеуметтік қызметкердің, полиция қызметкерінің және тергеушінің міндетін атқара алмайды.
Егер министрлік педагогтердің кәсіби қызметін жаңа көрсеткішпен бағалауды енгізсе, алдымен сол көрсеткіштің қалай өлшенетінін, қандай жағдайда мұғалімнің жауапкершілігі туындайтынын және оның қосымша жұмыс жүктемесіне айналмайтынын түсіндіруі қажет.
Әйтпесе балаларды қорғау үшін жасалған бастама мұғалімдерді қорғауды қажет ететін тағы бір мәселеге айналып кетуі ғажап емес.