Титтей қызға тиіскен мұғалімге жаза кесілді

Титтей қызға тиіскен мұғалімге жаза кесілді

Шымкентте жеті жасар оқушыға сексуалдық сипатта тиіскені үшін сотталған 36 жастағы мұғалімге 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сот оны 6 миллион теңге өтемақы төлеуге де міндеттеді. Алайда іс барысында бұдан ауыр жаза көзделген қылмыстық бапты қолдану мәселесі көтеріліп, кейін ол шешім өзгертілген, деп жазады Democrat.kz.

Шымкенттегі жекеменшік мектептердің бірінде болған оқиғаға қатысты сот шешімі жарияланды. КТК телеарнасы мен Opennews.kz агенттігінің хабарлауынша, бірінші сынып оқушысына сексуалдық сипатта тиісуге байланысты айыпталған 36 жастағы цифрлық сауаттылық пәнінің мұғалімі кінәлі деп танылған.

Оқиға биыл 25 ақпанда болған. Жеті жасар қыз үйіне келген соң мұғалімінің өзіне жасаған әрекетін ата-анасына айтып берген. Кейін мектептегі бейнебақылау камерасының жазбаларынан оқиғаға қатысты кадрлар анықталған.

Бұған дейін баланың анасы қызының осы жағдайдан кейін мектепке барудан қорқып, жиі жылағанын, тәбеті төмендегенін айтқан. Отбасы психологиялық көмекке жүгінуге мәжбүр болған.

Ауыр жаза көзделген бап неге қолданылмады?

Бұл істің ең даулы тұсы — мұғалімнің әрекетіне берілген құқықтық баға.

Қылмыстық іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы, яғни 16 жасқа толмаған адамға сексуалдық сипатта тиісу бойынша қаралған.

Алайда бірінші сатыдағы сот істен Қылмыстық кодекстің 124-бабында көзделген, неғұрлым ауыр қылмыстың белгілерін байқап, материалдарды қосымша тергеуге қайтару жөнінде шешім қабылдаған.

124-бапта кәмелетке толмағандарға қатысты азғындық әрекеттер үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Мұғалім бұл шешімге шағым түсірген. Апелляциялық сот оның шағымын қанағаттандырып, істі бастапқы айыптау аясында қарауға қайтарған.

Нәтижесінде мұғалімге 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарапқа 3 миллион теңге моральдық зиян және 3 миллион теңге материалдық шығын өтемақысын төлеуге міндеттелген.

Ал баланың жан жарасын кім емдейді?

Бұл оқиға мектептегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды сұрақтарды қайта көтерді.

Жеті жасар бала білім алуға барған оқу орнында мұғалімнің сексуалдық сипаттағы әрекетіне тап болған. Ал ата-анасы болған жағдайды баласының өз аузынан естіп, кейін бейнебақылау жазбалары арқылы мән-жайды анықтаған.

Мұндай жағдайда мектеп әкімшілігінің жауапкершілігі қандай? Балаларды ересектердің заңсыз әрекеттерінен қорғау тетіктері қаншалықты тиімді? Балаға психологиялық көмек көрсетіліп, оның мектепте қауіпсіз білім алуына жағдай жасалды ма?

Жарияланған мәліметтерде бұл сұрақтардың барлығына жауап берілмеген.

Ал сот процесінде неғұрлым ауыр қылмыстық бапты қолдану мәселесінің туындап, кейін оның өзгертілуі де қоғамға құқықтық тұрғыдан түсіндіруді қажет етеді.

Әрине, сот жазаны заңда көзделген талаптар мен дәлелдемелерге сүйеніп тағайындайды. Дегенмен бұл іс тек мұғалімнің қандай жаза алғанымен шектелмеуге тиіс.

Өйткені 200 сағат қоғамдық жұмыс та, 6 миллион теңге өтемақы да баланың басынан өткерген қорқынышын өздігінен жоя алмайды.

Ең маңыздысы — осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу және зардап шеккен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Барлық жаңалықтар