Әзербайжанда мектеп оқушыларына мемлекеттік цифрлық жүйеден жеке аккаунт ашу бастамасы қызу талқыға түсті. Ата-аналар балалардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне алаңдап, бастауыш сынып оқушыларына мұндай аккаунттың қаншалықты қажет екенін сұрап отыр. Ал жауапты мекемелер бұл өзгерістің мақсатын түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.
Әзербайжанда оқушыларды мемлекеттік mygov цифрлық платформасына тіркеу бастамасы қоғамда пікірталас туғызды. Бұл туралы 1news.az басылымы хабарлады.
Жаңа бастамаға сәйкес, жеті жастан асқан оқушыларға жеке цифрлық аккаунт ашу қарастырылған. Оның көмегімен балалар білімге қатысты ақпарат пен құжаттарға қол жеткізе алады.
Алайда ата-аналарды бірнеше мәселе алаңдатқан. Біріншіден, кәмелетке толмаған балалардың жеке мәліметтерін кім қорғайды? Екіншіден, бала өз аккаунтын бөгде адамдарға ашып берсе, оның салдары қандай болуы мүмкін? Үшіншіден, әр оқушыға жеке смартфон сатып алу қажет пе?
Әзербайжанның Инновациялар және цифрлық даму агенттігі соңғы сұраққа нақты жауап берген.
Мекеменің түсіндіруінше, баланың жеке телефоны болуы міндетті емес. Оқушы ата-анасының телефоны немесе үйдегі компьютер арқылы да жеке аккаунтына кіре алады. Тіпті бір телефоннан бірнеше баланың аккаунтын тіркеуге мүмкіндік бар.
Ал мектепке дейінгі және жалпы білім беру мемлекеттік агенттігі жеке аккаунттар оқушылардың білімге қатысты құжаттары мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдететінін мәлімдеген.
«Мұғалім сабақ берсін бе, құжат толтырсын ба?»
Бұл бастамаға білім саласының сарапшысы Эльмин Нури де сын айтқан.
Оның пікірінше, цифрлық жүйеге тіркеуді бастауыш сыныптан емес, жетінші сыныптан бастаған дұрыс болар еді. Себебі жоғары сынып оқушылары цифрлық платформаларды өз бетінше пайдалануға анағұрлым бейім.
Сарапшы педагогтердің жұмыс жүктемесіне де назар аударған.
«Поверьте, сегодня мы возлагаем на учителей слишком большую нагрузку. Учитель не знает, то ли ему урок вести, то ли заниматься документацией, то ли адаптироваться к цифровому формату, то ли что делать», – деген Эльмин Нури.
Яғни оның айтуынша, мұғалімдерге онсыз да шамадан тыс міндет жүктелген. Олар сабақ беруге, құжат толтыруға немесе жаңа цифрлық жүйеге бейімделуге уақыт бөлудің қайсысын бірінші орынға қоярын білмей отыр.
Сарапшының бұл пікірі Қазақстандағы мұғалімдердің қағазбастылығы мен цифрлық есептілігіне қатысты пікірталаспен де үндеседі.
Цифрландырудың мақсаты — мұғалімнің жұмысын жеңілдету. Алайда жаңа жүйелер қосымша тіркеу, есеп беру және техникалық міндеттер туғызса, оның тиімділігіне қатысты сұрақтардың пайда болуы заңды.
Әзербайжан билігі бастаманы білім беру қызметтерін қолжетімді етуге бағытталған қадам деп түсіндіргенімен, ата-аналардың жеке деректер қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығы толық сейілген жоқ.
Өйткені жеті жасар баланың цифрлық аккаунты болғанымен, оның жеке мәліметтерін қорғау жауапкершілігі бәрібір ересектер мен жүйені басқаратын мекемелерге жүктеледі.