Әлеуметтік желіде жас мұғалімдердің тынымсыз еңбегі мен шектен тыс жүктемесін әжуалаған видео жарияланды. Автор педагогтің күнделікті тіршілігін сарказм арқылы сипаттап, жұмыстан қолы босамайтын ұстаздың тағдырын бір ауыз сөзбен түйіндейді. Күлкілі көрінгенімен, бұл әзілдің астарында қазіргі мұғалімдердің қажуы мен кәсіби күйзелісіне қатысты маңызды мәселе жатыр, деп жазады Democrat.kz.
TikTok желісінде жарияланған бейнежазбада жас мұғалімдердің жұмысбастылығы ерекше сарказммен сипатталған.
Бейнежазбаның негізгі ойы — мұғалімнің күнделікті жұмысы сабақ берумен ғана шектелмейтіні. Сабаққа дайындалу, жоспар құру, құжат толтыру, оқушылардың жұмысын тексеру, түрлі ұйымдастыру міндеттерін орындау педагогтің уақытын алатын жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Автор осы тынымсыз тіршіліктің ақырын «мұғалім жұмыс-жұмыс деп жүріп осылай өлді» деген ащы әзілмен жеткізеді. Видеода "мұғалімнің жаназасы" қазіргі мұғалімдердің жанды жарасын анық көрсеткендей. Шуласып, пікір жазуда.
Видео авторы бұл видеоның бір байқауға арнап түсірілгенін айтады. Десек те, аталмыш видеоға пікір жазғандар мәселені өте орынды көрсеткендерін айтуда.
Әрине, бұл — нақты оқиға емес, мұғалімдердің шектен тыс жұмысбастылығын әжуалауға құрылған сатиралық көрініс.
Бірақ әзілдің астарында салмақты сауал жатыр: жас маман мектепке бала оқыту үшін келе ме, әлде өмірін бітпейтін тапсырмаларды орындауға арнай ма?