Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желіде білім саласындағы өзгерістерді ашық сынап жүрген бастауыш сынып мұғалімі Майя Шахмановамен кездесті. Бұған дейін министрдің мектептегі практикалық тәжірибесіне күмән келтірген педагог кездесуден кейін оның ашықтығы мен тыңдай білетін қасиетін атап өткен. Алайда бұл кездесу әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызды, деп жазады Democrat.kz.
3 қарашада Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қосшы қаласындағы IT-лицейге барып, педагогтермен кездесті.
Министр бастауыш сыныптарды аралап, оқушылармен және ұстаздармен сөйлесті. Кейін педагогикалық ұжыммен өткен жиында бағалау жүйесі, аттестаттау, оқулықтардың сапасы және оқу үдерісіне қатысты мәселелер талқыланды.
Кездесуге әлеуметтік желіде мұғалімдердің жұмыс жүктемесі, кәсіби қажуы және білім саласындағы өзгерістер туралы ашық пікір білдіріп жүрген Майя Шахманова да қатысты.
Instagram желісіндегі @mia_expert парақшасын жүргізетін педагог бұған дейін Жұлдыз Сүлейменованың білімділігін мойындағанымен, оның мектептегі практикалық тәжірибесіне қатысты күмәнін жасырмаған еді.
Ал министрмен жүздескеннен кейін Майя Шахманова өз әсерімен бөлісіп, бұрын әлеуметтік желіде көтерген мәселелерін тікелей талқылауға мүмкіндік алғанын жеткізді. Сондай-ақ министрді мұқият тыңдайтын, ашық әңгімеге дайын адам ретінде сипаттады.
«Енді ол мұғалімді жұмыстан шығармаса болды»
Кездесу туралы жарияланған бейнежазба астында түрлі пікір жазылды.
Бірқатар оқырман министрдің мұғалімдермен ашық сөйлесуін қолдаған.
«Қандай керемет. Министр лицей мұғалімдерімен ашық пікірлесіп,жүздесуде.Не деген ғажап!Айтарға сөзім жоқ», – деп жазған желі қолданушысы.
Тағы бір оқырман:
«Керемет осындай жастар көп болсын.Үлкенге ізет,кішіге ізет көрсететін жастарымыз көп болсын!!» – деген пікір қалдырған.
Алайда бәрі бірдей мұндай кездесуге сүйсіне қарамаған.
«Енді Ол мұғалімді жұмыстан шығармаса болды», – деп алаңдаушылық білдірген пікір де бар.
Ал кейбір оқырмандар министрді қолдаған пікірлердің шынайылығына күмән келтірген.
«Боттар бастады», – деп жазған желі қолданушысы.
Дегенмен пікірлердің қолдан ұйымдастырылғанын дәлелдейтін дерек жоқ.
«Балажан» мен қағазбастылық та ұмыт қалған жоқ
Кездесуге қатысты пікірталаста мұғалімдердің күнделікті жұмысына байланысты мәселелер де көтерілді.
Оқырмандардың бірі педагогтердің зейнет жасын төмендету қажеттігін айтып, «Балажан» платформасы мен көбейіп кеткен цифрлық жүйелерге наразылық білдірген.
Тағы бір пікірде мұғалімдердің өз білімін жетілдіруіне көбірек көңіл бөлу қажеттігі айтылған.
Бұл пікірлер білім саласындағы басты мәселенің министр мен мұғалімнің бір реттік кездесуінен әлдеқайда ауқымды екенін көрсетеді.
Педагогтерді толғандыратын сұрақтар белгілі: оқу жүктемесі қашан жеңілдейді, аттестаттау тәртібі қаншалықты әділ болады, мұғалімнің уақытын алатын қосымша міндеттер азая ма?
Жұлдыз Сүлейменованың өзін сынаған педагогпен ашық сөйлесуі қоғам тарапынан оң бағалануы мүмкін. Бірақ мұндай кездесудің шынайы нәтижесі айтылған жылы сөздермен емес, көтерілген мәселелердің қаншалықты шешілгенімен өлшенеді.
Өйткені мұғалімге өзін тыңдайтын министр ғана емес, күнделікті жұмысын жеңілдететін нақты өзгерістер де қажет.