«Арзан өнім беріп жүр ме?»: Астанада ата-аналар мектеп асханасын тексеруді талап етті

«Арзан өнім беріп жүр ме?»: Астанада ата-аналар мектеп асханасын тексеруді талап етті

Астанадағы №99 мектептің ата-аналары балаларға берілетін тағамның сапасына күмән келтіріп, асхана мен азық-түлік жеткізуші компанияны тексеруді талап етті. Олардың айтуынша, ас мәзірінде көрсетілген өнімдердің құрамы мен нақты сапасына қатысты сұрақтар бар. Алайда қалалық білім басқармасы бұл күдіктермен келіспей, тараған ақпаратты шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Астанадағы №99 мектептің асханасына қатысты ата-аналардың шағымы қоғам назарын аударды. Liter.kz басылымының хабарлауынша, олар балаларға берілетін тағамның сапасын тексеру үшін қалалық білім басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне жүгінген.

Ата-аналардың негізгі күдігі ас мәзірінде көрсетілген өнімдердің шын мәнінде қандай азық-түлікпен алмастырылып жатқанына қатысты.

Атап айтқанда, олар ірімшіктің орнына құрамы мен сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін арзанырақ өнім пайдаланылуы мүмкін деп есептейді.

Осыған байланысты ата-аналар сүт өнімдерінің құрамын, таңбалануын, сатып алу құжаттарын және жеткізушінің келісімшарт талаптарын орындауын тексеруді сұраған.

Бұдан бөлек, ет өнімдерінің сапасы мен мектеп асханасының санитариялық жағдайына қатысты да күмән білдірілген. Шағым иелері қолдарында фото және бейнематериалдар бар екенін айтқан.

Алайда бұл күдіктер әзірге зертханалық тексеру нәтижелерімен расталған жоқ.

Білім басқармасы шағымдарды жоққа шығарды

Астана қалалық білім басқармасы Liter.kz редакциясына берген жауабында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген.

Басқарманың түсіндіруінше, мектепте әр бейсенбі сайын бекітілген ас мәзірі мен технологиялық картаға сәйкес балаларға балық котлеті, картоп езбесі және бұршақ беріледі.

Сондай-ақ тағамдардың сапасы мен әзірлеу тәртібі мектептің бракераж комиссиясының тұрақты бақылауында екені айтылған.

Басқарма білім беру ұйымына қатысты жалған әрі арандатушылық сипаттағы жарияланымдар көбейгенін атап өтіп, азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырған. Сонымен қатар жалған мәлімет таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салған.

Ата-ананың күдігіне нақты тексеру жауап бере ала ма?

Қазақстанда мектеп асханаларының жұмысын бақылауға арналған арнайы талаптар бар.

Қолданыстағы тәртіп бойынша бракераж комиссиясы тағамның сапасын, дайындалу технологиясын, өнімдердің жарамдылық мерзімін, сақтау жағдайын және ас мәзіріне сәйкестігін бақылауға тиіс.

Комиссия жұмысына мектеп әкімшілігімен қатар медицина қызметкері және ата-аналар өкілдері де қатысады.

№99 мектептің ресми сайтында 2026–2027 оқу жылындағы ыстық тамақ сапасына жүргізілген мониторинг туралы ақпарат жарияланған. Онда дайын тағамдардың сапасы, санитариялық талаптардың сақталуы мен технологиялық тәртіптің бақыланатыны көрсетілген.

Дегенмен ішкі комиссияның жұмыс істейтіні ата-аналар көтерген барлық сұраққа жауап берілді дегенді білдірмейді.

Мәселен, асханаға жеткізілген ірімшіктің нақты құрамы қандай? Ет өнімдері қандай құжаттармен қабылданған? Азық-түліктің таңбалануы мен келісімшартта көрсетілген сипаттамалары сәйкес келе ме?

Бұл сұрақтарға нақты құжаттар мен қажет болған жағдайда зертханалық сараптама ғана толық жауап бере алады.

Балалардың тамақтануына қатысты күдік туындағанда ата-аналардың тексеру талап етуі өздігінен жалған ақпарат тарату болып саналмайды.

Ал білім басқармасының міндеті шағымды жоққа шығарумен шектелмей, тиісті тексеру нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз ету екені даусыз.

Өйткені мектеп асханасындағы ең маңызды мәселе — ресми есептің мінсіздігі емес, балалардың күн сайын қауіпсіз әрі сапалы тамақ ішуі.

 

Барлық жаңалықтар