«5-ке қысқартамыз дегені қайда?»: Мұғалім бір тоқсанда қанша парақ құжат шығарғанын айтты 

«5-ке қысқартамыз дегені қайда?»: Мұғалім бір тоқсанда қанша парақ құжат шығарғанын айтты 

Қазақстанда мұғалімдерді қағазбастылықтан босату туралы уәделер айтылғанымен, әлеуметтік желідегі бір жазба білім саласындағы ескі мәселені қайта қозғады. Педагог БЖБ мен ТЖБ талдауларының 486 параққа жеткенін көрсетіп, бұған тағы 400 парақ күнтізбелік жоспар қосылатынын мәлімдеді. Ал өзге мұғалімдердің пікірлері қағазбастылық мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде мұғалімдердің есептілік жүктемесіне қатысты жарияланған жазба қызу талқыланып жатыр.

Жазба авторы принтерден шығарылған қалың құжаттар бумасының суретін жариялап:

«25 қағаздан 5 қағазға қысқартамыз дейді. мынау 486 штук бжб, тжб несткіміз  Еще 400 штук қмж ше 1 тоқсан 2 пачка А4 кетті», – деп жазған.

Яғни педагогтің айтуынша, бір тоқсан ішінде БЖБ мен ТЖБ талдауларына 486 парақ, ал қысқа мерзімді жоспарларға тағы 400 парақ қағаз жұмсалған.

Егер бұл мәлімет нақты болса, бір мұғалімнің бір тоқсандағы құжаттары 886 параққа жеткен.

Бұл жерде маңызды сұрақ туындайды: мұғалімнің жұмысын жеңілдету үшін қабылданған шешімдер неге қағаз шығынын азайтпай отыр?

«Бір тоқсанда бес бума А4 қағаз кетті»

Жазба астында өз тәжірибесімен бөліскен мұғалімдер де бар.

«1 пачка аз екен 4 пачка кетті уже 1 апта да 1 пачка », – деп жазған оқырмандардың бірі.

Тағы бір педагог:

«1 тоқсан 5 пачка А4 кетті», – деген.

Басқа пікірде қосымша тапсырмалар мен көрнекіліктерге жұмсалатын қағаз шығыны да айтылған.

«+қб тапсырмалар,көрнекіліктерге кететін а4 ше....», – деп жазған желі қолданушысы.

Ал бір оқырман бұрынғы жағдайды еске алып:

«екі парақ алыңдар депше апайларымыз кезінде.Рахат екен ғой сол кезде», – деген.

Бұл пікірлер мұғалімдер тек ресми есептерге ғана емес, сабаққа қажетті дидактикалық материалдар мен тапсырмаларды дайындауға да көп қағаз жұмсайтынын көрсетеді.

Алайда жазбадағы 486 және 400 парақтың барлығы міндетті түрде басып шығарылуға тиіс құжаттар ма, әлде педагогтің өз жұмысына қажет материалдары да қамтылған ба — бұл жағы нақтыланбаған.

№130 бұйрықта не жазылған?

Ең қызығы, қолданыстағы нормативтік талаптарда БЖБ мен ТЖБ талдауын жүргізудің цифрлық тәртібі қарастырылған.

2026 жылғы 15 шілдеде №130 бұйрыққа енгізілген өзгерістерге сәйкес, БЖБ мен ТЖБ нәтижелерінің талдауы автоматтандырылған цифрлық жүйеден қалыптастырылады. Құжатты қағаз немесе электрондық Word, PDF форматында рәсімдеу мүмкіндігі көзделген.

Демек, БЖБ мен ТЖБ талдауының жүргізілуі міндетті болғанымен, мұғалімдер жариялаған жүздеген парақты міндетті түрде басып шығару талабы осы деректерден туындамайды.

Мұндай жағдайда құжаттардың не себепті қағазға шығарылғанын анықтау маңызды.

Мектеп әкімшілігі талап ете ме? Электрондық жүйе толық жұмыс істемей ме? Әлде педагогтер бұрынғы қалыптасқан тәртіп бойынша құжаттардың бәрін қағазға басып шығаруға мәжбүр ме?

Бұған әр мектептің әкімшілігі мен тиісті білім басқармасы нақты жауап беруге тиіс.

«Қағаз бере ме, масқара ғой мынау»

Жарияланым астында қағаз шығынын кім өтейтініне қатысты да сұрақ көтерілген.

«Қағаз бере ма масқара ғой мынпу», – деп жазған желі қолданушысы.

Шынында да, жүздеген парақ құжат әзірлеу үшін қағаз ғана емес, принтер, бояу және уақыт қажет.

Егер мұндай құжаттарды мектеп талап етсе, оның материалдық шығыны кімнің есебінен өтеледі?

Ал мұғалім өз қаражатына қағаз сатып алып, жұмысынан тыс уақытта есеп дайындаса, мұны педагогтің кәсіби міндетін орындауы деп қана бағалау қаншалықты дұрыс?

Білім саласын цифрландырудың негізгі мақсаттарының бірі — қайталанатын жұмысты азайтып, педагогтің уақытын үнемдеу.

Бірақ электрондық жүйеде тұрған ақпарат қайтадан қағазға шығарылып, жинақталып, тексеруге ұсынылатын болса, цифрландырудың нақты пайдасы қандай?

Мұғалімдер жариялаған қағаз бумалары осы қайшылыққа назар аудартады.

Бір тоқсанда жүздеген парақ құжат дайындауға кеткен уақыттың қанша бөлігін оқушылардың біліміндегі олқылықтарды түзетуге жұмсауға болар еді?

Өйткені мұғалімнің негізгі жұмысы — қағаз толтыру емес, бала оқыту.

Ал қағазбастылықты азайту туралы бастамалардың нәтижесі бұйрықтағы қысқарған тармақтармен емес, мұғалімнің күнделікті жұмысының қаншалықты жеңілдегенімен өлшенуге тиіс.

Барлық жаңалықтар