"Бәлеқор, арызқой мұғалім көбейді"деген саясаттанушы сенбілікке шықпайтын педагогтарды сынады

"Бәлеқор, арызқой мұғалім көбейді"деген саясаттанушы сенбілікке шықпайтын педагогтарды сынады
Онсыз да аттестацияға жаңа ереже енгізіледі деп басы қатқан мұғалімдерге кешелі бері қоғамның әр тарапынан шүйлігу басталды. Мәжіліс мінберінен "мектептерді аудан әкімдігіне беру керек" деп кей депутат ұсыныс жасап, өткен ғасырда байланған саналарын тағы бір қопарып қайтты. Ал әлеуметтік желіде мұғалімдерге қатысты түрлі жазбалар қаптап, пікір таластың қызуы артты деп жазады Democrat.kz.
 
Саясаттанушы Талғат Жанысбай да елдегі мұғалімдер мәселесіне қатысты пікір білдіріп, "Педагог мәртебесі" заңын алға тартып, бәле іздегіш ұстаздың көбейгенін айтады.
 
"Арызқой педагогтардың 90%-ы блогер
Мәжіліс депутаттарының көтеріп отырған кейбір мәселелерін қолдаймын.
 
«Педагог мәртебесі» туралы заң шыққалы рас, педагогтардың құқығы жақсы қорғалып келеді. Бірақ, мәртебесін желеу қылып бәле іздегіш мұғалімдер де артқанын ескеру керек.
 
Мектепте білім сапасы құлдырап барады. Оны мектепте қызмет жасаған адам ретінде айта аламын. Әрине, көпке топырақ шашқым келмейді. Мамандығына адал, білгенін балаға үйретуден аянбайтын ұстаздар өте көп. Десе де жарытып сабақ өтпейтін, қит етсе бәле іздеп, блогерлікті жанына серік ететін «бір құмалақтар» көбейіп барады.
 
«Таза Қазақстан» тазалық акциясына ат салысу былай тұрсын, өзі қызмет жасайтын мектептің ауласына сенбіліке шықпайтын ұстаздар да көбейді.
 
Тек сабағын өтіп, сабақ біте салып, «құйрығын бір қағып», үйлеріне тайып тұрады. Қазір мектептің ішінде ұйымдастырылатын қоғамдық, мәдени-рухани іс-шаралардың өзі өз дәрежесінде өтпейтін болды.
 
Кейбір мұғалім «Мұғалім мәртебесін» желеу қылып, саусағын қимылдатқысы келмейді. Ондай мектепті сол мектептің директоры емес, қолына телефон ұстаған блогер мұғалім басқарады. Мұғалімнің сабағына рұқсатынсыз кіре алмайсың, сенбілікке шығара алмайсың... Соның сөзі жүреді. Сол тыныш болсын деп айтқанын істейді.
 
Сондықтан мәселені бір жақты қарамау керек. Осы елдің азаматы болған соң, сенбілік пе,басқа ма барлығымыз ат салысуымыз қажет.
 
Ал, аудан әкімдігіне келер болсақ, кез келген жұмыс тапсырды екен деп мұғалімдер жүрігіп кете қоймас. Қазір қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу.
 
Біз мектептегі білім сапасы мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыруымыз керек. Мектептің білімі мұғалімнің сенбілікке шыққанынан емес, оқушыға оқы деп, дауыс көтере алмайтын заңнан төмендейді"деп жазды Талғат Жанысбай. 
Барлық жаңалықтар