Алматының тарихи бренді саналатын Апорт алмасын қайта жаңғыртуға арналған бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жоба отандық жеміс өндірісін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті сортты халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған, деп жазады Democrat.kz.
2025 жылы елде 205,2 мың тонна алма өндірілген. Бұл ішкі сұраныстың шамамен 74 пайызын қамтамасыз еткен. Соған қарамастан, нарықта импорттық өнімнің үлесі әлі де жоғары. Сол жылы 94,4 мың тонна алма импортталып, 20,7 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Негізгі жеткізушілер қатарында Польша, Қытай және Иран бар.
Апорт сортын қалпына келтіру жұмыстары 2024–2028 жылдарға арналған бағдарлама аясында жүргізілуде. 2025 жылы Алматы маңында жаңа Апорт бағының алғашқы 10 гектары отырғызылған. Алдағы үш жылда оның аумағын 110 гектарға дейін кеңейту жоспарланған. Бұл сорттың алғашқы толыққанды өнімі шамамен жеті-сегіз жылдан кейін алынуы мүмкін.
Апорттың ерекшелігі — оның тау бөктеріндегі белгілі бір табиғи жағдайларға бейімделуі. Сондықтан оны жаппай өсіру үшін жер телімдерін сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу және көшет сапасын бақылау қажет. Мамандар Апортты алдымен жоғары сапалы премиум өнім ретінде дамытуға болатынын айтады.