Су дипломатиясын дамыту және су ресурстарын тиімді басқару бағытында Швейцариямен бірлескен жобаларды кеңейту мәселесі талқыланды. Ынтымақтастық су есебін цифрландыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және Орталық Азия елдері арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған, деп жазады Democrat.kz.
Кездесу барысында Blue Peace Central Asia бағдарламасының мүмкіндіктері қарастырылған. Швейцария қолдайтын бұл бастама үш негізгі бағытты қамтиды: су дипломатиясы, өзен бассейндерін жоспарлау және ғылыми әрі кәсіби әлеуетті арттыру.
Тараптар су ресурстарын бақылау жүйелерін жетілдіру, жерүсті суларының есебін жүргізу және гидротехникалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударған. Сонымен қатар су саласындағы отандық мамандардың халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланған.
Орталық Азиядағы көптеген өзен бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы өтеді. Сондықтан су ресурстарын басқару тек бір елдің ішкі саясатына байланысты емес. Ортақ деректер алмасу, өзен бассейндерін бірлесіп жоспарлау және су үнемдеу технологияларын енгізу өңірдегі су қауіпсіздігін нығайтуға көмектеседі.