Алматыдағы тұрғын үй өртінде әйел қаза тауып, 148 адам құтқарылды

Алматыдағы тұрғын үй өртінде әйел қаза тауып, 148 адам құтқарылды

Алматыдағы 13 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өрт бір адамның өмірін қиды. Құтқарушылар ғимараттан 148 адамды, оның ішінде тоғыз баланы алып шықты. ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабар құтқарушыларға кеш түскен, деп жазады Democrat.kz⁠.

Өрт 23 тамыз күні сағат 22:49-да Әди Шәріпов көшесіндегі тұрғын үй кешенінде басталған.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері бес минуттан кейін жетіп, техникалық бөлмеде және бірнеше қабаттағы электр қалқандарында кабельдер жанып жатқанын анықтады.

Құтқарушылар арнайы қорғаныс қалпақтарын пайдаланып, баспалдақ арқылы 148 адамды эвакуациялады. Олардың тоғызы — балалар.

Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Бір әйел ес-түссіз күйде табылған. Дәрігерлер реанимация жасағанымен, оның өмірін сақтап қала алмады.

Өрт 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Оған 90-ға жуық құтқарушы мен 25 техника жұмылдырылды.

ТЖД алдын ала мәлімет бойынша өрт сигнализациясы өрт сөндірушілер шақырылғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылғанын хабарлады. Өрттің нақты себебі анықталып жатыр. 

Барлық жаңалықтар