Бас прокуратура Мұғалімдер күнінде маңызды ескерту жасады

Бас прокуратура Мұғалімдер күнінде маңызды ескерту жасады

Қазақстанда Мұғалімдер күніне орай сыйлық сатып алуға қатысты жаңа алаяқтық схема туралы ескерту жасалды. Алаяқтар педагогтерге арналған тауарларды тиімді бағамен ұсынамыз деп жалған интернет-дүкендерге сілтеме таратып, төлем жасаған адамдарды ақшасыз әрі тауарсыз қалдыруы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.

Бас прокуратура таратқан ақпаратқа сәйкес, қаскөйлер Мұғалімдер күні қарсаңындағы сұранысты пайдаланып, сырттай кәдімгі интернет-дүкенге ұқсайтын жалған сайттар жасайды.

Онда мұғалімдерге арналған сыйлықтар, гүл, тұрмыстық заттар немесе басқа да тауарлар тиімді бағамен ұсынылуы мүмкін.

Алаяқтықтың ең қауіпті тұсы – жасанды интеллект технологиясының қолданылуы.

Қаскөйлер шын мәнінде сатылымда жоқ тауарлардың суреттерін жасанды интеллект арқылы жасап, сатып алушылармен чат-бот арқылы сөйлесуі мүмкін. Соның салдарынан жалған сайт кәдімгі интернет-дүкен секілді көрінеді.

Сатып алушы алдын ала төлем жасағаннан кейін тауарын ала алмай, ақшасынан айырылып қалуы ықтимал.

Мамандар күмәнді хабарламадағы сілтемелерді ашпауға, бейтаныс нөмірлерге хабарласпауға кеңес береді.

Сонымен қатар банк картасының құпия деректерін – PIN-кодты, CVV-кодты, SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеу қажет.

Тауар сатып алмас бұрын сатушының ресми сайты мен қосымшасын өзіңіз ашып, тапсырыс туралы ақпаратты сол жерден тексерген дұрыс.

Ал алдын ала төлем жасау кезінде сайттың түпнұсқалығына және сатушының сенімділігіне көз жеткізуге тиіс.

Егер карта деректері бөтен адамға беріліп қойса немесе шоттан күмәнді ақша шешілгені байқалса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, полицияға арыздану қажет.

Мұғалімдер күні қарсаңында ата-аналар мен оқушылар сыйлық іздеуге жиі кірісетіндіктен, дәл осындай кезеңді алаяқтар әдейі пайдалануы мүмкін.

Сондықтан тым арзан баға, «тек бүгін», «соңғы дана», «алдын ала төлем жасасаңыз жеңілдік» деген ұсыныстарға ерекше сақтықпен қараған жөн.

Барлық жаңалықтар