Дүкендердің айналымы өсіп жатыр, бірақ сатып алушылар азайған: қазақстандықтардың тұтынуы қалай өзгерді?

Дүкендердің айналымы өсіп жатыр, бірақ сатып алушылар азайған: қазақстандықтардың тұтынуы қалай өзгерді?

Сауда статистикасында бір қарағанда парадокс бар: дүкендердің ақшалай айналымы өскен, бірақ сатып алу саны кеміген. Демек, адамдар дүкенге бұрынғыдан көп келіп жүрген жоқ — бір сатып алуға жұмсайтын ақша көлемі ұлғайған. Шағын бизнестің табыстылық деңгейі де қысымға түскен деп жазады Democrat.kz.

Қазақстандағы бөлшек сауда бизнесінің 2026 жылғы көрсеткіштері тұтынушылардың мінез-құлқында елеулі өзгеріс барын көрсетеді.

Beksar компаниясының зерттеуі 2024 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың шілдесіне дейін тұрақты жұмыс істеген сауда орындарының POS-деректеріне негізделген.

2026 жылдың қаңтар-шілдесінде зерттелген дүкендердің жалпы айналымы 8,87 миллиард теңгені құраған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,58 миллиард теңге болған. Яғни ақшалай айналым 17 пайызға өскен. 

Бірақ дәл осы уақытта транзакциялар саны 5,1 пайызға азайған.

Бұл өте маңызды айырмашылық. Өйткені сауда айналымының өсуі дүкенге кірген адам көбейді дегенді білдірмейді. Керісінше, сатып алу саны кеміген, ал бір чектің құны қымбаттаған.

Мамырда транзакциялар саны өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайыз, маусымда 10,5 пайыз, шілдеде қайтадан 8,2 пайыз азайған. 

Ал орташа чек айтарлықтай өскен. 2026 жылдың қаңтарында өсім 42 пайыз, ақпанда 43 пайыз болған. Шілдеде орташа чек 10 229 теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғыдан 20,4 пайыз жоғары болған.

Алайда жоғары чек дүкен иесі бұрынғыдан көп пайда тауып жатыр дегенді білдірмейді.

Зерттеуде бөлшек сауда кәсіпорындарының жалпы маржасы төмендегені көрсетілген. Шілдеде ол 48,6 пайыз болған, ал бір жыл бұрын 51,3 пайыз еді. 

Сондықтан кәсіпкердің алдында екі жақты қысым пайда болады: сатып алушы сирек келеді, бірақ тауар бағасы мен операциялық шығындар өседі.

Сауда орындарының нарықтан кету көрсеткіші де 2025–2026 жылдары 13,5 пайызға жеткен. Бұған дейінгі базалық кезеңде бұл көрсеткіш 7,2 пайыз болған. Дегенмен зерттеушілер барлық дүкеннің жабылуын тек салықтық өзгерістермен тікелей байланыстыруға дерек жеткіліксіз екенін ескертеді. 

Тағы бір үрдіс — нарық ірі ойыншылардың қолына көбірек шоғырланып барады. Ірі 20 пайыз сауда нүктесі жиынтық айналымның 74 пайызын қалыптастырған.

Мұның бәрі «халық мүлде сатып алуды тоқтатты» дегенді білдірмейді. Бірақ деректер азаматтардың сатып алу жиілігі азайып, әр барған сайын көбірек ақша төлеуге мәжбүр болып отырғанын көрсетеді

Барлық жаңалықтар