Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жасап, алғашқы сайлау науқанын ел тарихындағы ең қызықты әрі бәсекелі саяси науқандардың бірі деп бағалады. Алайда саясаттанушы Эдуард Полетаев қазіргі сайлаудың тағы бір ерекшелігіне назар аударды: сайлауға қатысып жатқан партиялардың ешқайсысы өзін оппозициялық күш ретінде көрсетпеген, деп жазады Democrat.kz.
21 тамызда Президент қазақстандықтарға жасаған үндеуінде 23 тамыздағы сайлауды «ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға» деп атады. Мемлекет басшысы жаңа Құрылтай сайлауы елдегі реформалардың келесі кезеңін бастайтынын айтып, азаматтарды, әсіресе жастарды дауыс беруге шақырды.
Президенттің сөзінен кейін Kazinform саясаттанушы, «Мир Евразии» журналының бас редакторы Эдуард Полетаевтың көлемді пікірін жариялады. Сарапшы сайлауды жаңа саяси жүйенің алғашқы үлкен сынағы деп бағалайды.
Бірақ Полетаев айтқан бір пікір ерекше назар аудартады.
Оның сөзінше, қазіргі сайлау биліктің саяси тұрғыдан шоғырланғанын да көрсетіп отыр.
«Бірде-бір партия өзін оппозициялық күш ретінде жариялаған жоқ», – дейді саясаттанушы.
Полетаевтың пайымынша, сайлауға қатысып отырған партиялардың барлығы дерлік жаңа Конституция қалыптастырған саяси жүйенің аясында әрекет етіп, бағдарламаларын сол конституциялық модельге бейімдеген.
Бұл жайт жаңа Құрылтайдың құрылымын ескергенде тіпті маңызды.
Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметі бойынша, жаңа бірпалаталы Құрылтайда 145 депутат болады және олардың барлығы біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялық тізіммен сайланады. Бұрынғыдай бірмандатты округтен депутат сайлау қарастырылмаған. Сайлауға жеті саяси партия қатысып, бастапқыда олардың тізімдеріне 545 кандидат енгізілген.
Полетаевтың пікірінше, мұндай жүйеде партиялық тәртіптің ықпалы артады.
Бұған дейін Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы жүйеде заң жобасындағы даулы немесе жетілдіруді қажет ететін мәселелер жоғарғы палатада қайта қаралуы мүмкін еді. Енді заң шығарудың негізгі жауапкершілігі бірпалаталы Құрылтай депутаттарына түседі.
Саясаттанушы осы себепті Құрылтайға кәсіби адамдардың өтуі аса маңызды екенін айтады.
Сарапшы реформалардың өзін де мақсатқа айналдырмау қажет деген ой айтады. Мемлекет өзгеруі керек, бірақ өзгеріс «реформа жасау үшін реформа жасауға» айналмауға тиіс.
Полетаевтың пікіріндегі ең қызық қайшылық та осында: бір жағынан, ол Құрылтай сайлауын саяси жаңғырудың белгісі деп санайды. Екінші жағынан, сайлауға қатысушы күштердің арасынан өзін ашық оппозиция деп жариялаған партияның жоқ екенін атап көрсетеді.