"Айтуға міндеттімін": Дина Төлепберген сұмдық дүниелерді айтты

"Айтуға міндеттімін": Дина Төлепберген сұмдық дүниелерді айтты

Танымал тележурналист Дина Төлепберген Түркістан облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтергеннен кейін өзіне ескерту жасалғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, мәселе Парламентте де талқыланып, тіпті бағдарламаны жабу туралы ұсыныс айтылған деп жазады Democrat.kz.

Бұл туралы журналист «Замандас» подкастында әңгімеледі.

Дина Төлепберген Түркістан облысында отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті екенін айтып, көптеген әйелдің күйеуінен көрген қысым мен күш көрсетуді қалыпты жағдай ретінде қабылдайтынына назар аударды.

«Мен басқа қыздар осындай жағдайға ұшырамауы үшін осы туралы айтуға міндеттімін деп есептедім. Бірақ біз жобаны көрсеткенде, Парламентте де сөз сөйледі, депутаттар... Бағдарламаны жабуды да ұсынды», – деді журналист.

Оның айтуынша, ресми көрсеткіштердің өзінен бөлек, полицияға мүлде шағымданбайтын әйелдер де аз емес.

«Қаншама әйел бұл туралы айтпайды да, полицияға бармайды да. Өйткені күйеуі ұрса, олар мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды», – деді Дина Төлепберген.

Тележурналист өңірдегі тұрмыстық агрессияны жұмыссыздық және білім деңгейімен байланыстырады. Оның пікірінше, тұрақты жұмыстың болмауы, әлеуметтік жағдайдың қиындығы мен адамның өзін дамытуға мүмкіндігінің аздығы отбасындағы жанжалдың күшеюіне әсер етуі мүмкін.

Дина Төлепберген Түркістан экономикасына қатысты да сын айтты.

«Түркістанды құтқару керек. Маған өте ауыр тиеді. “Жерұйықтың бесігі Түркістан” деп жатырмыз, бірақ экономиканы көтеретін өндіріс жоқ, зауыттар жоқ. Адамдар не істейді? Бәрі тек базарда. Өкінішке қарай, басқа жұмыс көріп тұрған жоқпын», – деді ол.

Журналист дәл осы тақырыптан кейін өзіне «қарқынды бәсеңдету» жөнінде ескерту жасалғанын айтты.

«Парламентте бұл туралы айта бастағанда, маған: “Дина, қарқынды бәсеңдету керек. Сөзіңді сұрыптап сөйлеші, өтінемін. Неге сен мұны көрсеттің?” – деп айтты», – деді тележүргізуші.

Оның сөзінше, бұл оқиғаға дейін телеарна басшылығы шығармашылық жұмысына еркіндік беріп келген.

Дина Төлепберген КТК телеарнасының басшылығына алғысын айтып, бұған дейін жобаларына редакциялық тұрғыдан араласу болмағанын атап өтті.

«Бұған дейін мені ешкім редакцияламады. Олар маған 100 пайыз сенді. “Бұлай істеуге болмайды” деп айтқан кез болған жоқ. Бірақ осы жағдайдан кейін маған әрбір жоба тексеріске жататынын айтты», – деді журналист.

Осылайша, Дина Төлепберген Түркістандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жария түрде көтеруі тек қоғамдық пікірталас туғызып қана қоймай, өзінің журналистік жұмысына қатысты редакциялық бақылаудың күшеюіне де себеп болғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Дина Төлепбергеннің жұмыссыздық пен білім деңгейі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері деген пікірі – журналистің жеке бағасы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері әлеуметтік, экономикалық және психологиялық факторлардың тұтас жиынтығымен байланысты болуы мүмкін.

 

 

Барлық жаңалықтар