"Мектеп директорын 5 күн күттім" деген мұғалім сорақы жағдайды айтып берді

"Мектеп директорын 5 күн күттім" деген мұғалім сорақы жағдайды айтып берді

Түркістан облысы,Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылындағы Бейімбет Майлин атындағы мектепте мұғалімнің құқығына қатысты даулы жағдай көтеріліп отыр деп жазады Democrat.kz.

Бұл туралы танымал журналист Ләззат Асанова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, хабарлады.

"24 жылдық еңбек өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі Жанар Тансықпаеваның айтуынша, мектептегі аттестаттауға байланысты 40 мың теңге берген. Кейін ақша жинау мәселесіне мұғалімдер наразылық білдіріп, арыз-шағым көтерілген соң, өзіне мектеп басшылығы тарапынан қысым жасалғанын мәлімдейді.

Егер бұл айтылғандар рас болса, жауапсыз қалмауы тиіс бірнеше сұрақ бар: мектепте аттестаттауға ақша не үшін жиналды? 40 мың теңгені кім алды? Оның заңды негізі мен есебі қайда? Ал осы мәселені көтерген мұғалімге неліктен қысым жасалуы керек?

Тағы бір назар аударатын мәселе – мектеп директорының аталған білім ордасын шамамен 20 жыл басқарып келе жатқаны туралы ақпарат. Егер бұл дерек расталса, директор соңғы рет қашан және қандай тәртіппен тағайындалды? Конкурстық және өзге де кадрлық талаптар сақталды ма?

Мектеп – ешкімнің жеке меншігі емес. Мұғалім де заңсыз ақша жинауға немесе қысымға үнсіз көнуге міндетті емес.

Сондықтан Келес аудандық білім бөлімі мен Түркістан облысының білім бас қармасы бұл жағдайға қызметтік тексеру жүргізіп, аттестаттауға байланысты ақша жиналды ма, Жанар Тансықпаеваға қысым көрсетілді ме және директордың ұзақ жылдар бойы бір мектепті басқаруының құқықтық негізі қандай деген сұрақтарға ашық жауап беруі тиіс.

Біз ешкімді алдын ала кінәлі деп отырған жоқпыз. Алайда 40 мың теңге туралы мәлімдеме мен мұғалімге қысым жасалды деген шағым тексерусіз қалмауы керек.

Мектепте ақша емес – білім, қысым емес – заң үстемдік етуі тиіс!" - деп жазады Ләззат Асанова.

Тынысбаева Жанар директордың қысымынан ауруханаға түскенін айтып: "Кешірім сұрар деп директорды бес күн күттім. Бірақ келмеді. Директорға берген ақшаны даулағаным үшін денсаулығыма зиян келді", -дейді. 

Барлық жаңалықтар