Елімізде жаңа мемлекеттік наградалар енгізілмек. Сенат депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Жаңа ордендер Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында тағайындалып отыр.
Құжатқа сәйкес:
- "Әл-Фараби" ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір саласында ерекше жетістікке жеткен азаматтарға беріледі.
- "Қожа Ахмет Ясауи" орденімен мемлекетшілдікті нығайтуға және қоғамдық-саяси, мәдени-гуманитарлық салалардың дамуына үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлері марапатталады.
- Ал "Мейірім" ордені қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметпен ерекшеленген азаматтарға табысталады.
Сонымен қатар заңда бір адамға бірдей құрметті атақты қайта беруге тыйым салу нормасы енгізілген.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ғалымдармен кездесуде Әл-Фараби атындағы жаңа орден енгізуді ұсынған болатын.
Жаңа марапаттар биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында табысталады.