«Қазақ аруы» байқауына қатысты жазбалар Threads желісінде қызу талқыланып жатыр. Мұғалім екені айтылған samara.sailaubekovna1971 аккаунты бір қатысушының әкесінің жоқтығын алға тартып, өзге қыздардың сырт келбетін де сөз еткен. Бұған қарсы шыққан қолданушылар автордан кешірім сұрауды талап етіп, құзырлы органдардың назарын аударуға тырысқан, деп жазады Democrat.kz.
Әңгіме бір ғана пікірмен шектелмеген. Желіде аталған аккаунттың қыздардың отбасылық жағдайы мен сырт келбетіне қатысты екі жазбасы қатар тараған.
Автор «Қазақ аруы анасымен сұхбат» деген жазуы бар видеоны бөлісіп, қатысушының байқауға лайықтығын әкесінің бар-жоғына байланыстырған.
«Әкесі жоқты не үшін қатыстырады? Толық отбасылы адам лайықтығой! Бұл конкурсқа! Біздің Айгерім қызымыз толық отбасыдан шыққан! Нағыз лайықты қыз», — деп жазған ол.
Бұл сөзде бір қызға қолдау білдірумен бірге, екінші қатысушының отбасылық жағдайын оның жолына кедергі ретінде көрсету бар. «Не үшін қатыстырады?» деген сұрақтың өзі қыздың байқауға қатысуына күмән келтіріп тұр.
wear.by.ayana аккаунты жариялаған жазбада осы сөздермен қатар, сол автордың тағы бір жазбасының скриншоты берілген.
«Менің қызымды өткізбей, алған қыздарын қараңдар», — деп басталған мәтінде қатысушылардың сырт келбеті «маңғолдар сияқты» деген сөзбен сипатталған. Қыздардың дене бітімі де салыстырылған.
Өз қызының іріктеуге қатысты жағдайын автордың өзі сөз еткені осы скриншоттан көрінеді. Ал wear.by.ayana оның өзге қатысушыларға айтқан сөздерін қызы іріктеуден өтпегеннен кейінгі ренішпен байланыстырған.
«Мынау тым артық енді», — деп жазған қолданушы құзырлы органдарды назар аударуға шақырған.
«Біреуін маңғол сияқты, екіншісін Әкесі жоқ деп сынау қаншалықты дұрыс??» — деген сұрақ қойып, «Заң жүзінде жауапқа тартылсын» деп талап білдірген.
Алғашқы жазбаға пікір қалдырған arai_kauden қыздарды отбасының құрамына қарап бөлуге қарсы шыққан.
«Асылымның да өз отбасы, өз тәрбиесі, өз құндылығы бар», — деп жазған ол. Қолданушы байқауда қатысушылардың білімі, тәрбиесі мен өнері бағалануы керегін алға тартқан.
«Әкесі жоқ болса не болыпты», — деген ___jo0_0 аккаунты да автордың уәжіне қарсылық білдірген.
Екінші жазбаның астындағы пікірлерде мәселе кешірім сұрау талабына дейін жеткен. user934567321348 аккаунты samara.sailaubekovna1971 парақшасын белгілеп:
«Жақын арада кешірім сұрап, жазбаларыңызды өшіруді ұсынамыз», — деп жазған. Ол талап орындалмаса, заң аясында жауапкершілікке тарту жөнінде әрекетке көшетінін мәлімдеген. Жазбаларға құқықтық баға берген де — осы қолданушы.
oma621032 аккаунты полиция мен өзге аккаунттарды белгілеп, іс қозғауды талап еткен. Бұл — желідегі талап; оның өзі ресми арыз түскенін немесе іс тіркелгенін растамайды.
aliya.kuandyk2 есімді қолданушы «Кім лайықты екенін өнер көрсетедіғой» деп, әкенің жоқтығын алға тартуды шектен шығу деп бағалаған.
Автордың кәсібі де талқыға түскен. wear.by.ayana өз жазбасының астына «Мектепте мұғалім екен» деген пікір қалдырған. Өзге қолданушылар білім саласының аккаунтын белгілеген. Ал редакцияға берілген мәліметте де әйел мұғалім ретінде таныстырылған. Оның нақты қызмет орны туралы ресми растау қаралған деректерде жоқ.
Даудың өткір тұсы осында: автор педагог болса, оның қыздарды отбасына қарап бағалауы мектептегі әділ қарым-қатынас туралы да сұрақ туғызады. Әкесімен бірге тұрмайтын немесе әкесінен айырылған оқушы осындай сөзден кейін өзіне қандай баға беріліп жатқанын сезінеді?
Байқау нәтижесіне қарсылық қатысушылардың отбасын немесе түр-келбетін кемшілік ретінде көрсетуге ұласқан. Бірақ әкенің бар-жоғы да, сырт келбетті өзге халыққа ұқсату да іріктеудің әділетсіз өткенін дәлелдемейді. Бағалау өлшемдері мен қазылардың шешіміне қатысты нақты дәлел бұл жазбаларда ұсынылмаған.
