Жетісуда ірі қамыс өрті шықты: сөндіруге тікұшақ жұмылдырылды

Жетісуда ірі қамыс өрті шықты: сөндіруге тікұшақ жұмылдырылды

Жетісу облысының Алакөл ауданында батпақты аумақтағы қамыс өртенді. Өртті сөндіру қиын жер бедеріне байланысты күрделеніп, операцияға шамамен 40 адам, 12 техника және тікұшақ тартылды, деп жазады Democrat.kz.

Өрт Бесағаш ауылынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы батпақты аумақта шыққан.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тығыз қамыс пен техниканың еркін қозғалуына мүмкіндік бермейтін жер бедері өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып отыр.

Операцияға ТЖМ бөлімшелерімен бірге Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы мен орман шаруашылығы қызметкерлері қатысуда.

«Қазавиақұтқару» тікұшағы әуеден тоғыз рет су төкті. Жалпы 27 тонна су пайдаланылған.

Жердегі бөлімшелер жеке ошақтарды сөндіріп, аумақты сумен өңдеуді жалғастырды.

ТЖМ мәліметінше, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ, жағдай бақылауда. 

Барлық жаңалықтар