Журналист Дана Нұржігіт бүгінге дейін ешкімге айтпаған құпиясымен бөлісті

Журналист Дана Нұржігіт бүгінге дейін ешкімге айтпаған құпиясымен бөлісті

Тележүргізуші Дана Нұржігіт еңбек жолындағы қиындықтар, қазіргі жастармен арадағы көзқарас айырмашылығы, өмірдің мәні және азаматтық ұстанымы туралы ашық айтты, деп жазады Democrat.kz.

Бұл туралы ол «Айтарым бар» подкастында әңгімелеп, кәсіби ортада басынан өткен кейбір жағдайларды еске алды.

Дана Нұржігіттің айтуынша, қазіргі жас мамандар мен аға буынның еңбекке деген көзқарасында елеулі айырмашылық бар. Ол кезінде ұзақ уақыт ақысыз немесе тұрақсыз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болғанын айтып, жастардың мұндай жағдайға көнгісі келмейтінін жеткізді.

«Мені 10 ай бойы аш отырғызып қойып, жұмыс істеткен адамдар болды. Мен соның бәріне шыдадым десем, олар: “Сендер Совет Одағында туғандықтан, соған шыдап отыра бересіңдер. Біз ондайға көнбейміз”, – дейді», – деді тележүргізуші.

Алайда Дана Нұржігіт жастардың тек жоғары талап қоюымен шектелмей, өз кәсіби деңгейін де дәлелдей алуы керек деп есептейді.

«Мен: “Жарайды, онда сенің құндылығың қандай? Мен саған ақша төлейтіндей қандай біліктілігің бар? Сен неге біреуден артықсың? Мынандай блогерлерден артық түсіре аласың ба? Мынандай мобилограф бола аласың ба?” – деп сұраймын. Сөйтіп, кәдімгідей пікірталасқа түстік», – деді ол.

«Өмірдің мәнін адамның өзі табады»

Сұхбат барысында тележүргізуші өмірдің мәні туралы да ой қозғады. Оның пікірінше, адамға дайын күйінде берілетін бір ғана «өмір мәні» жоқ. Оны әркім өз өмірінен, мақсаты мен жауапкершілігінен табады.

«Өмірдің мәні жоқ. Ол мәнді табатын – адамның өзі. Таңертең тұрған кезде: “Не үшін тұрдым? Бүгін не істеймін? Бүгін менің жоспарым қандай?” деп ойланасың», – деді Дана Нұржігіт.

Ол қазіргі уақытта баласының болашағы өзіне үлкен күш беретінін айтты.

Тележүргізушінің сөзінше, баласының авиациялық колледжге түсіп, авиаинженер болуына деген үміті бүгінгі өміріне ерекше мән беріп отыр.

Сонымен қатар Дана Нұржігіт бірнеше жыл бұрын өмірдің мәні туралы мүлде басқа көңіл күйде сөйлегенін де жасырмады.

«Мен “өмірде мән жоқ” деген сөзді екі жарым жыл бұрын басқаша күймен айтушы едім. Менің өмірімнің мәні осы болып кетті. Мен оны қалаған жоқпын, бірақ маған Алла Тағала соны бастан кешуді жазған екен. Ол кездегі мән – осы тығырықтан жеңіп шығу болды», – деді ол.

«Осыны жеткізбесем болмайтындай болды»

Тележүргізуші кейінгі жылдары өзінің қоғамдық белсенділігі де өміріне жаңа мақсат бергенін айтты.

Ол сталкинг мәселесіне қатысты заңнамалық өзгерістерге ықпал етуге, өз дауысын қоғамға жеткізуге және бастаған кітабын аяқтауға ерекше күш жұмсағанын жеткізді.

«“Сталкинг” деген заңды қабылдату, дауысымды естірту, осы істі аяғына дейін жеткізу, кітапты соңына дейін жазып шығу мақсатым болды. Мені сырттымнан біреу итеріп отырғандай әсерде болдым. Бұл тіпті өзімнің де күшім емес еді. Мен осыны жеткізбесем, осыны жазбасам болмайтындай еді», – деді Дана Нұржігіт.

Оның айтуынша, адамның өмірлік мақсаты бір орында қатып қалмауы керек. Уақыт өте келе ол да өзгеріп отырады.

Дана Нұржігіт өзі үшін ең маңызды құндылықтардың қатарында денсаулықты, баласының амандығын, жақсы азамат тәрбиелеуді, айналасының тыныштығын және елдегі бейбіт өмірді атады.

«Ең үлкен миссиям – біріншіден, өзімнің денсаулығым сау болуы керек, жақсы азамат тәрбиелеуім керек, баламның дені сау болуы керек, айналам аман-есен болып, Отанымда тыныштық орнауы керек. Ең үлкен миссия – адамзаттың бір-бірімен үйлесімде өмір сүруі», – деді тележүргізуші.

Барлық жаңалықтар