Мәскеу өңіріне бір түнде 650-ден астам дрон бағытталды

Мәскеу өңіріне бір түнде 650-ден астам дрон бағытталды

5 қазаннан 6 қазанға қараған түні Мәскеу мен Мәскеу облысы соғыс басталғалы бергі ең ірі дрон шабуылдарының біріне ұшырады. Ресей билігінің мәліметінше, өңірге қарай 650-ден астам ұшқышсыз аппарат ұшқан, шабуылдан екі адам қаза тапқан, деп жазады Democrat.kz.

Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің мәліметінше, 5 қазан сағат 20:30-дан 6 қазан таңғы 05:00-ге дейін Мәскеу өңіріне қарай шамамен 650 дрон бағытталған.

Оның айтуынша, басым бөлігі алыстағы әуе қорғаныс шептерінде жойылып, 105 аппарат Мәскеуге жақындаған кезде атып түсірілген. 

Reuters Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевке сілтеме жасап, облыс аумағында 185 дрон жойылғанын хабарлады.

Шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, жеті адам жараланған. 47 жеке үй, төрт пәтер және үш автокөлік зақымданған. 

Ресейлік әскери блогерлер Володарская мұнай базасына да соққы жасалғанын жазды. Бұл нысан Мәскеу әуежайларын жанармаймен қамтамасыз ететін маңызды логистикалық орталықтардың бірі.

Алайда Reuters мұнай базасына нақты соққы жасалғанын тәуелсіз түрде растай алмағанын атап өтті.

Шабуыл кезінде Внуково, Домодедово, Шереметьево және Жуковский әуежайларында ұшақ қабылдау мен жөнелту уақытша тоқтатылды. 

Барлық жаңалықтар