"Оқушыға көбінесе өтірік баға қойылады": Белсенді ұстаз сауатсыздық жайлаған қоғамның басты себебін айтты

"Оқушыға көбінесе өтірік баға қойылады": Белсенді ұстаз сауатсыздық жайлаған қоғамның басты себебін айтты

Белсенді педагог Төлепберген Құдайберген мектептегі білім бағалау жүйесіндегі сорақы тірліктерді ашық айтып, наразылығын білдірді деп жазады Democrat.kz.

"Мектептегі әр тоқсаннан кейінгі, сосын жыл соңында шығаратын пайыздық сапа дұрыс емес. Ол пайыздық көрсеткіш нағыз білім сапасының көрсеткіші емес. 

Себебі, ол пайыздық көрсеткіш қалай шығады? Ол көрсеткіш "4" пен "5"ке оқитын оқушылардың баға көрсеткішін жалпы сынып оқушыларының баға көрсеткішіне бөлгендегі пайызымен шығады. 

Мысалы, мен бір сыныптағы пайыздық көрсеткішті шығарғанда, ол сыныптың көрсеткіші 40 пайыз болса, мені директор сойып салады, дұрыс па?

Неге? Өйткені пайыз төмен. Бұл жерде директордың да кінәсі жоқ. Оған да Білім бөліміндегі бастықтары  айғайлайды. 

Ал Білім бөліміндегілерге олардан жоғары тұрғандар айғайлайды. 

Сонымен, төмен пайыз бергенім үшін маған педкеңесте айғайлайды. Содан мен не істеймін? Келесіде пайызды жоғарылатуға, сабақты сапалырақ беріуге тырысамын. 

Десек те, тұтас сыныпта бүкіл бала сабақты беске оқымайды ғой. Әртүрлі жағдай бар ғой негізі. 

Енді мен не істеймін? Енді мен аузын "а" деп ашқан балаға "төрт" қоя бастаймын. Өйткені "төрттіктің" санын көбейтсем, менің пайызым көбейеді. Осылайша мен келесі тоқсанда пайызымды 65-75 пайыз етіп беремін. 

Ұрыс естімеймін. Әрине, бұл мен үшін жақсы. Бірақ болашақ ұрпаққа, баланың сауаттылығына бұл өте ауыр қиянат. Өтірік баға көбеюде, білім сапасы төмендеп жатыр"деген ұстаз пайыздық көрсеткіш үшін ешкімге сөгіс берімесе, ешкімге ұрыспаса екен деген ұсынысын да айтты. 

Дайындаған Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Барлық жаңалықтар