Танымал хронобиолог, қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев мектептегі сабақ кестесін, оқу жүктемесін және үзілістердің ұйымдастырылуын өткір сынға алды. Автор баланың ұйқысы мен жас ерекшелігі ескерілмейтінін айтып, министрліктен бастап мектеп директорлары мен мұғалімдерге дейін сұрақ қойды, деп жазады Democrat.kz.
Ата-ана баласын мектепке мұғалімдер оқытудың жолын біледі, сауатын ашады деп сеніп береді. Болат Нұрқожаев осы сенімге сүйенген білім жүйесінің балаға қоятын талаптарын сынға алды.
Оның айтуынша, бірінші сыныпқа енді барған, әріп танып жатқан балаға 1 қыркүйектен бір апта өткенде-ақ «диктант жазып кел» деген тапсырма беріледі. Автор мұндай тапсырмадан бастап сабақ кестесіне дейін білім саласына қояр сұрағы көп екенін жазған.
Нұрқожаевтың негізгі сыны — оқу уақытын белгілеу кезінде баланың биологиялық ырғағының ескерілмеуі. Оның пікірінше, 12–13 жасқа дейінгі балалар таңертең оқуға тиіс. Ал жыныстық жетілу кезеңінде жасөспірімнің ұйықтау және ояну уақыты кешке қарай ығысады.
Ол жоғары сынып оқушыларын таңертең оқытып, екінші сынып балаларын түстен кейінгі ауысымға жіберуді осы ерекшеліктерге қайшы шешім деп бағалайды. Кабинет жетіспеуімен түсіндірілетін мұндай кесте, автордың сөзінше, баланың денсаулығына да, білімді қабылдауына да кері әсер етеді.
Нұрқожаев ұйқы тапшылығын, созылмалы шаршауды, дұрыс тамақтанбауды және мінез-құлықтағы өзгерістерді осы мәселемен байланыстырады. Ол балалар арасындағы буллинг, қатыгездік, семіздік пен түрлі заттарды тұтыну туралы сөз қозғалғанда, ересектердің өздері ұйымдастырған күн тәртібіне де назар аудару керектігін айтады.
Автор сабақтың басталуын күннің шығу уақытымен байланыстыра қарастырады. Оның пікірінше, бала таң атқаннан кейін немесе ең кемі таң атуымен бірге оянуға тиіс.
Әсіресе батыс өңірлердегі оқу уақытына қатысты сыны өткір. Нұрқожаев табиғи уақытпен таңғы 6:30–7:00-де сабақта отырған бала қазақ тілі мен математиканы қабылдай алмайды деп есептейді.
«Себебі ол уақытта баланың миы әлі оянған жоқ!» — дейді ол.
Автор ересектерге бұл жағдайды түсіну үшін түнгі төртте ұйқылы-ояу отырып оқып көруді ұсынады. Түстен кейін адамның белсенділігі төмендейтінін айтып, қазақ тілі сабағының сол уақытқа қойылуын да сынайды.
Жазбадағы келесі мәселе — үлкен үзіліс. Нұрқожаев бір 30 минуттық немесе екі 15 минуттық үзілістің болмауын санитариялық талаптың бұзылуы деп бағалайды. Ол мұндай талаптың баланың денсаулығын қорғауға арналғанын атап өтеді.
Міндетті сабақтар мен факультативтердің қатар жүруі де автордың наразылығын туғызған. Оның пікірінше, кабинет тапшылығын алға тартып, баланы бір мектепке шамадан тыс жинаудың орнына жаңа мектеп салу керек.
«Ендеше мектеп салсын, бір мектепке баланы топырлатып, сапасы жоқ білім беру тек қаржы игеру көзі ғана болып қалып отыр», — деп жазады Нұрқожаев.
Ол дене шынықтыру сабағын үлкен үзіліспен ұштастыру мүмкіндігін де сұрайды. Автордың ойынша, осылай уақыт үнемдеуге болар еді, бірақ мектептер мұны өздігінен шеше алмайды.
Тәрбие сағатына қатысты ұстанымы да бөлек. Нұрқожаев әр сабақтың өзі тәрбие болуы керектігін айтады. Мұғалімнің сабақты қызықты өткізуі, оны өмірмен байланыстыруы және жүріс-тұрысы да балаға тәрбие береді деп есептейді.
Автор оқу кестесіндегі пәндерге де сұрақ қойған. Математикадан кейін математикалық сауаттылық, әдебиеттік оқудан кейін жылдам оқу сабағының жүруін, екінші сыныптағы цифрлық сауаттылықты атап өтеді.
Конституция, құқық пен тәртіп негіздері туралы жаңа сабақтар қосылғаны жөніндегі ақпаратқа қатысты ол «рас болса» деген шартпен пікір білдіреді. Осы тақырыптарды экономика негіздерімен және қоғамдық қатынастармен бірге бір қоғамтану пәніне біріктіруге болмай ма деп сұрайды.
«Сосын Конституция негіздері сабағын кілең юристер өткізе ме, әлде кез келген мұғалім өткізе бере ме?» — дейді автор.
Нұрқожаевтың пікірінше, тәуліктік ырғақ табиғат пен күн уақытына байланысты. Бір сағат белдеуінің өзінде шығыс пен батыстағы күн уақыты әртүрлі болатынын айтып, ШҚО, Семей, Түркістан облысы мен батыс өңірлерде сабақты бір уақытта бастаудың негізін сұрайды.
Ол сабақ кестесін жасаған кезде физиолог, генетик, хронобиолог, сомнолог және диетологтардың қатысқан-қатыспағанын білгісі келеді.
«Ескерілсе, оның методикасын қай ғалым, қай ҒЗИ ұсынып отыр?» — деп сұрайды Нұрқожаев.
Автор Қазақстанның барлық өңірінде сабақты сағат 8:00-де бастау қажеттігін ғылыми тұрғыдан негіздеп беруді талап етеді. Оның пайымынша, министрлік, басқармалар, комитеттер, директорлар мен мұғалімдер бұл сұрақтарға жауап бермейді, өйткені кестенің заңға қайшы екенін біледі және жасырады.
«Ал біз мектепте Адал Адам тәрбиелеп, мемлекетте Заң мен Тәртіп орнатамыз деп жүрміз...» — деп түйіндейді Болат Нұрқожаев.