Семей қаласында балалар ауладағы көлікті өртеп жіберген

Семей қаласында балалар ауладағы көлікті өртеп жіберген

15 шілдеде Семей қаласындағы 352-квартал аулаларының бірінде автокөлік өртеніп кетті. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, көлік үйге жақын тұрған. Кейін жалын көпқабатты үйдің терезелері түбінде өсіп тұрған ағаштарға да тарай бастаған деп жазады Democrat.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Сағат 18:05-те көліктің өртенгені туралы төтенше жағдайлар қызметіне хабарланды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті сөндірді. Сол күні әлеуметтік желілерде куәгерлер бұл қасақана өртеу болуы мүмкін екенін жазған. Алайда ол кезде бұл туралы ресми ақпарат болған жоқ.

Абай облысының полиция департаменті автокөліктің өздігінен өртенбегенін растады. Полицейлер оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген.

"Өрт басталардан аз уақыт бұрын автокөлік маңында кәмелетке толмаған үш бала жүргені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың бірі сіріңке пайдаланып, көліктің жанындағы құрғақ өсімдіктерді өртеген. От тарай бастағанда балалар қорқып, қашып кеткен. Бұл жайттар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен жауап алу барысында да расталды", – деп хабарлады департамент өкілдері.

Енді алты жасар баланың ата-анасы көлік иесіне келтірілген шығынды өтеуге тиіс.

 
Барлық жаңалықтар