Қарағандыдағы мектептердің біріне қатысты әлеуметтік желіде жарияланған жазба жұртты шулатты. Мұғалім сабақ өткізуге қажетті құрал-жабдықтың берілмейтінін, газетке мәжбүрлеп жаздыратынын, басшылық тарапынан қысым көрсетілетінін мәлімдеді. Ал пікірталасқа қатысқан өзге педагогтер мектептегі кадр тұрақсыздығы мен басшылықтың әрекетіне қатысты жаңа мәселелер көтерді, деп жазады Democrat.kz.
«Қарағандының қақ ортасындағы №27 мектепте жаңашыл болып сабақ өтейін десең дым құрал-жабдық жоқ қой!»
Әлеуметтік желіде осылай жазған мұғалім Қарағанды қаласындағы №27 мектептің жұмысына қатысты бірқатар ауыр шағымын жариялады.
Оның айтуынша, мектепте заманауи сабақ өткізуге қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Ал қолда бар интерактивті панельді директор алып қойған.
Тіпті жаңа жабдық келген жағдайда да мұғалімге берілмейтіні ескертілгенін мәлімдеген.
«Шешемнен естімеген айғайды естідім»
Жазба авторының шағымы тек оқу құралдарымен шектелмейді.
Ол мұғалімдерді әлі күнге газетке мәжбүрлеп жаздыратынын, сыныптың лента тағуына байланысты басшылықтан ауыр сөз естігенін айтқан.
Педагогтің мәлімдеуінше, мектептегі келеңсіздіктер қызметкерлердің еңбек құқығына да әсер етіп отыр.
Атап айтқанда, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың дұрыс жүргізілмеуі салдарынан жүктілікке және босануға байланысты төлемдерді уақытылы рәсімдеуде қиындықтар туындайтынын жеткізген.
Оның сөзінше, мұғалімдер жүктіліктің 30-аптасында демалысқа шыққанымен, тиісті төлемді алу үшін түрлі мекемеге жүгіріп, кейде 38-аптаға дейін әуре болады.
«Мұғалімге қысым емей немене?Басынбағанда несі қалды?» – деп ашынған ұстаз.
«Төрт жылда мұғалімдердің 60–70 пайызы кеткен»
Жарияланымның астында мектептегі басқару мәдениетіне қатысты да өткір пікірлер жазылған.
Пікір білдірушілердің бірі осы мектепте бұрын жұмыс істегенін айтып, басшылықтың педагогтермен қарым-қатынасын сынға алған.
Оның мәлімдеуінше, қазіргі директор қызметке келген төрт жылдың ішінде ұжымдағы мұғалімдердің шамамен 60–70 пайызы жұмыстан кеткен.
«Олардың қатарында тәжірибелі, білікті мамандардың болуы – білім сапасы үшін үлкен шығын», – деп жазған ол.
Бұл мәлімет ресми кадрлық есеппен расталмаған. Дегенмен педагог кадрлардың тұрақтылығы туралы мәселе көтеріліп отыр.
Аталған пікірде мұғалімдерге көпшіліктің көзінше айқайлау, кемсіту және кәсіби абыройына нұқсан келтіру жағдайлары болғаны да мәлімделген.
Пікір иесі осындай әрекеттерге қатысты дыбыс және бейнежазбалар ұсынылғанына қарамастан, білім бөлімі басшылыққа қатаң сөгіс берумен шектелгенін айтқан.
Алайда мұндай тәртіптік жазаның нақты қандай жағдайда қолданылғаны жөнінде ресми құжат ұсынылмаған.
«Газетке жазылу әлі бар ма?»
Жазба астындағы пікірлерде мұғалімдерді газетке мәжбүрлеп жаздыру мәселесі де қызу талқыланды.
Қарағандыда жұмыс істейтінін айтқан бір педагог өз мектебінде мұндай тәжірибе әлдеқашан тоқтағанын жеткізген.
Ал өзге оқырмандар кейбір мектептерде газетке жаздыру талабы әлі сақталғанына таңданыс білдірген.
Қазақстанның «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес, мұғалімдерді тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынған.
Демек, педагогтің өз еркінен тыс газетке жазылуға міндеттелуі заң талабына қайшы келеді.
«Мұғалімдерді емес, мектеп басшылығын тексеру керек»
Пікірталаста білім бөлімінің жұмысына қатысты да наразылық айтылды.
Оқырмандардың бірі мектептегі мәселені бір ғана тәртіптік жазамен шектемей, педагогтердің жұмыстан кету себептерін, ұжымдағы психологиялық ахуалды және мұғалімдердің шағымдарын жан-жақты тексеру қажеттігін көтерген.
«Мектеп басшысының басты міндеті – ұжымды қорқынышта ұстау емес, бірлік қалыптастыру, мұғалімге қолдау көрсету, білім сапасын арттыру және оқушының қауіпсіз психологиялық ортасын қамтамасыз ету», – делінген пікірде.
Ал жазба авторы өзін қорғайтын ықпалды таныстары жоқ екенін айтып, жағдайын көпшілікке жариялауға мәжбүр болғанын жеткізген.
«Мұғалімді ешкім қорғамайды! Жазатын жерім мен айтатын жоғарыдағы көкем болмаған соң осында жазып отырмын..»
Әзірге Қарағандыдағы №27 мектептің басшылығы мен қалалық білім бөлімінің аталған шағымдарға қатысты ресми түсініктемесі белгісіз.
Жазбада айтылған мәліметтердің барлығы тәуелсіз тексеруді қажет етеді. Әсіресе педагогтерге қысым көрсету, әлеуметтік аударымдар, кадрлардың жұмыстан кетуі және мектеп мүлкін пайдалану тәртібі жөніндегі мәлімдемелер нақты құжаттармен анықталуға тиіс.
Алайда әлеуметтік желіде көтерілген сауалдың салмағы жеңіл емес.
Мұғалімдерден білім сапасын арттыру, жаңаша сабақ өткізу талап етіледі. Ал педагогтің қолына қажетті құрал-жабдық берілмесе, оның кәсіби мүмкіндігін қалай бағалауға болады?
Ең бастысы, мектеп басшысы мұғалімнің жұмыс істеуіне жағдай жасауға жауапты ма, әлде ұстаздар басшылықтың көңіл күйіне қарай әрекет етуге мәжбүр ме?
Қарағандыдағы мектепке қатысты шағым осы сұрақтарға жауап беруді талап етіп отыр.
