Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі талқыланды

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі талқыланды

Қазақстан мен АҚШ өкілдері екі ел арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу мүмкіндігін және авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Келіссөздер барысында жолаушылар мен жүк ағынын алдын ала талдау, әуежайлардағы тексеру жүйесін жетілдіру мәселелері де қаралды, деп жазады Democrat.kz.

Кездесу Қазақстан Көлік министрлігінде өтті. Оған көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ Кеден және шекара қызметінің халықаралық мәселелер жөніндегі өкілінің орынбасары Аарон Митчелл қатысты.

Тараптар тікелей рейстерді іске қосу екі ел арасындағы туристік, іскерлік және экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар әуежайлардағы қауіпсіздік тексерулерін жетілдіру, жолаушылар мен жүк туралы мәліметтерді алдын ала өңдеу және логистикалық үдерістерді оңтайландыру мәселелері қарастырылды.

Тікелей рейстердің нақты басталу күні мен бағыты әзірге жарияланған жоқ. Оларды іске қосу үшін авиациялық қауіпсіздік, техникалық талаптар және коммерциялық тиімділік мәселелері бойынша келісімдер қажет. 

Барлық жаңалықтар