«Білімге ақша берілсін!»: Мыңдаған мұғалім көшеге шыққан елде жағдай ушығып кетті

«Білімге ақша берілсін!»: Мыңдаған мұғалім көшеге шыққан елде жағдай ушығып кетті

Білім саласына бөлінетін қаржыны қысқарту туралы шешім мыңдаған мұғалімнің наразылығын туғызды. Ұстаздар жұмыс орындарының қысқаруына, мектептердің біріктірілуіне және оқушылардың білім алу жағдайының нашарлауына қарсы жаппай ереуіл ұйымдастырды. Чили астанасы Сантьягода өткен шеру полициямен қақтығысқа ұласып, тәртіп сақшылары су шашатын көліктер мен көзден жас ағызатын газ қолданды, деп жазады Democrat.kz.

24 қарашада Чилиде мұғалімдердің жалпыұлттық ереуілі өтті. Наразылыққа ел президенті Хосе Антонио Каст үкіметінің 2027 жылға арналған бюджет жобасындағы білім саласына бөлінетін қаржыны қысқарту жоспары себеп болды.

Ереуілді Чили мұғалімдерінің кәсіподағы ұйымдастырды. Оған студенттер мен өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері қосылды.

Кәсіподақ мәліметінше, ел астанасы Сантьягодағы шеруге 10 мыңнан астам адам қатысқан.

Наразылық білдірушілер қаланың басты көшелерінің бірі – Аламеда даңғылымен жүріп өтіп, мемлекеттік білім беруді қаржыландыруды сақтауды талап етті.

Мұғалімдер неден қауіптенеді?

Чили үкіметі ұсынған 2027 жылғы бюджет жобасы мемлекеттік білім беру жүйесіндегі бірқатар бағдарламаның қаржысын қысқартуды қарастырған.

Мұғалімдер кәсіподағының мәліметінше, ұсынылған өзгерістер мемлекеттік мектептердегі педагогтердің жалпы жұмыс көлемін 83 мың сағатқа қысқартуы мүмкін еді.

Ұстаздар мұның салдарынан мұғалімдердің жұмыстан босатылуы, сыныптардың біріктірілуі және бір сыныптағы бала санының артуы мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ мектеп инфрақұрылымын жақсартуға, оқушыларға арналған әлеуметтік бағдарламаларға және жоғары білім беру ұйымдарына бөлінетін қаражаттың қысқаруы да наразылық туғызған.

Мұғалімдер мемлекеттік мектептердегі жағдайдың қазірдің өзінде күрделі екенін айтады. Олардың сөзінше, кейбір білім ордаларында парталар ескірген, интернет тұрақсыз, ал қажетті жабдықтар жетіспейді.

Шеруде не болды?

Бастапқыда бейбіт өткен шеру кезінде беттерін жасырған адамдар жолдарды бөгеп, тосқауылдар орната бастаған.

Жергілікті полицияның мәліметінше, олардың арасында жанғыш қоспасы бар бөтелкелер дайындап, тәртіп сақшыларына шабуыл жасағандар болған.

Осыдан кейін полиция су шашатын арнайы көліктер мен көзден жас ағызатын газ қолданды.

Бірнеше адам ұсталды.

Қақтығыс салдарынан сағат 14:00-ге дейін жалғасуы тиіс шеру мерзімінен бұрын, шамамен 12:30-да аяқталған.

Полиция бейбіт шеруге қатысқан мұғалімдер мен тәртіп бұзған адамдарды бөлек қарастырғанын мәлімдеді.

Ал кәсіподақ өкілдері полицияның әрекетін сынап, тәртіпсіздікке қатыспаған азаматтардың да зардап шеккенін айтқан.

Мұғалімдердің талабы нәтиже бере бастады

25 қарашада Чили мұғалімдерінің кәсіподағы парламенттегі келіссөздерден кейін белгілі бір нәтижеге қол жеткізілгенін хабарлады.

Кәсіподақ төрағасы Марио Агилардың айтуынша, мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы 83 мың педагогикалық сағатты міндетті түрде қысқартуды көздеген талап алынып тасталған.

Сонымен қатар оның 40 мың сағатын сақтауға мүмкіндік беріліп, қалған бөлігін негізінен қызметкерлердің зейнетке шығуына байланысты реттеу қарастырылған.

Білім беру бағдарламаларының бірқатарына бөлінетін қаржы да қалпына келтірілген.

Алайда кәсіподақ бұл келісім мұғалімдердің жұмыстан босатылу қаупін толық жоймайтынын ескертті.

Ал Чилидің Білім министрлігі мұғалімдердің бейбіт наразылық білдіру құқығын мойындай отырып, сабақтардың үздіксіз өтуі мен оқушылардың білім алу құқығын қамтамасыз ету маңызды екенін мәлімдеген.

Осылайша 2027 жылғы бюджет жобасына қарсы басталған мұғалімдердің наразылығы ел парламентіндегі қаржыландыру мәселесін қайта қарауға ықпал етті.

Дегенмен мемлекеттік білім беру жүйесін қаржыландыру, педагогтердің жұмыс орындарын сақтау және мектептердегі жағдайды жақсарту мәселелері әлі толық шешілген жоқ.

Барлық жаңалықтар