Қазақмыс құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жұмысқа орналасу кезінде орын алуы мүмкін заң бұзушылықты анықтады

Қазақмыс құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жұмысқа орналасу кезінде орын алуы мүмкін заң бұзушылықты анықтады

2026 жылғы қарашада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде корпорацияның кәсіпорындарына жұмысқа орналасуға байланысты құқыққа қайшы әрекеттің үш дерегі анықталды. Оқиға Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында тіркелген деп жазады Democrat.kz.

Аталған деректер бойынша алаяқтық және коммерциялық параға сатып алу бабымен үш қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазақмыс сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне, алаяқтыққа және жұмысқа орналастыру барысында заңсыз делдалдық әрекеттерге жол бермеу қағидатын берік ұстанады.

Естеріңізге  саламыз, Қазақмысқа жұмысқа орналасу тек ашық конкурстық іріктеу негізінде жүзеге асырылады және бұл қызмет тегін көрсетіледі. Барлық өзекті бос жұмыс орындары https://career.kazakhmys.kz/home  ресми мансап порталында жарияланады. Үміткерлерді іріктеудің ешбір кезеңінде ақша төлеу немесе қандай да бір сыйақы беру талап етілмейді.

Жұмысқа орналастыру кезінде жеке пайда табу мақсатында қызметтік жағдайын немесе корпорация қызметкері мәртебесін пайдалануға жол берілмейді. Анықталған әрбір дерек заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Қазақмыс жұмыс іздеушілерді тек ресми жұмысқа орналасу арналарына жүгінуге, белгілі бір сыйақы үшін жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеуге және делдалдарға немесе өзге де тұлғаларға ақша бермеуге шақырады.

Корпорация жұмыскерлері мен компанияға қатысы бар өңірлердің тұрғындарын осындай жағдай туралы ақпарат болса, бұл жөнінде дереу хабарлауға шақырады.

Күдікті ұсыныстар туралы ақпаратты SENIM жедел желісіне 8-800-080-8089 нөмірі арқылы (қоңырау шалу тегін) немесе тікелей құқық қорғау органдарына жеткізуге болады.

Қазақмыс жұмысқа орналасу кезінде орын алатын заңсыз әрекеттердің алдын алу және жолын кесу мәселелері бойынша құқық қорғау органдарымен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасайды.

Барлық жаңалықтар