"ЖИ мұғалімнің орнын басады": Желіде ұстаздар ерекше ұсыныстарын жеткізуде

"ЖИ мұғалімнің орнын басады": Желіде ұстаздар ерекше ұсыныстарын жеткізуде

Жасанды интеллект жақында мұғалімдерді алмастыруы мүмкін деген әңгіме әлеуметтік желіде күтпеген пікірталас туғызды. Бір ұстаздың әзілге құрылған қысқа жазбасының астына мұғалімдердің күнделікті жұмысы туралы ондаған пікір қалдырылды. Олардың арасында ұстаздардың көзге көрінбейтін еңбегі, ата-аналармен қарым-қатынас, мектептегі кезекшілік пен бітпейтін есептер туралы өткір ойлар айтылды, деп жазады Democrat.kz.

Жасанды интеллект мұғалімдердің орнын басады деген пікірге әлеуметтік желіде ерекше жауап берілді.

«Жақында жасанды интеллект мұғалімдерді алмастырады дейді. Керемет! Онда алдымен мектеп асханасында кезекшілік атқарып, сынып сағатының есебін жазып көрсін. Мен оған дейін шайымды ішіп отырайын», – деп жазды жарияланым авторы.

Қысқа ғана әзіл көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені қозғаған сыңайлы.

Пікір қалдырушылар жасанды интеллект мұғалімді алмастырғысы келсе, алдымен оның күнделікті атқаратын жұмыстарын орындап көрсін деген ойды жарыса жазған.

Бірі жұма күнгі жетінші сабақта сынып сағатын өткізуді ұсынса, екіншісі мектеп асханасындағы кезекшілікті еске салған.

«Жұма күні жетінші сабақта сынып сағатын өткізіп көрсін алдымен», – дейді пікір иелерінің бірі.

Тағы бір оқырман асханадағы кезекшілікті ешқандай жасанды интеллект атқара алмайтынын айтып, мұндай жұмысқа темірдей жүйке қажет екенін жеткізген.

Пікірлерде оқушылардың жоғалған заттарын іздеу, ата-аналармен түсініспеушілікті шешу, мектеп дәлізінде кезекшілік атқару, сенбілікке қатысу және сынып жетекшісінің есебін дайындау сияқты жұмыстар да аталды.

Тіпті бір оқырман жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын атқарса, оқушының «екілік» бағасына наразы ата-анамен де өзі сөйлессін деген мысқылды пікір білдірген.

«Алдымен ЖИ-ді пайдаланғаны туралы есеп талап етеді»

Талқылаудағы ең өткір пікірлердің бірі жасанды интеллектіні мектепке енгізудің өзі қосымша қағазбастылыққа айналып кетуі мүмкін деген күдікке қатысты болды.

«Ең алдымен оны қалай пайдаланғаның туралы есеп жазуды талап етеді...», – деп жазды пікір қалдырушы.

Яғни жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын жеңілдетудің орнына, оны қалай қолданғаны жөнінде тағы бір есеп жаздыруға себеп болуы мүмкін деген алаңдаушылық айтылған.

Басқа пікірлерде, керісінше, жасанды интеллектіні тиімді пайдаланған мұғалімнің уақыты үнемделетіні сөз болды. Кейбір ұстаздар сабақ жоспарын дайындау, тапсырма құрастыру және оқу материалдарын әзірлеу кезінде жаңа технологияның көмегіне жүгінетінін жеткізген.

«Бала жылап отырса, ЖИ не істейді?»

Пікірталастың тағы бір өзегі мұғалімнің тек білім берумен шектелмейтін еңбегіне қатысты болды.

Оқырмандардың бірі жасанды интеллект ақпаратты жеткізе алғанымен, баланың көңіл күйін, ішкі күйзелісін, сабақ үстіндегі мінез-құлқын адам сияқты түсіне алмайтынын айтқан.

Оның пікірінше, кейде оқушы сабақтың мазмұнын түсінбегендіктен емес, жеке басындағы қиындықтарға байланысты мұғалімнің сөзін қабылдай алмайды. Мұндай жағдайда баламен жеке сөйлесу, оның жағдайын түсіну қажет болады.

Тағы бір пікірде мұғалімдердің бірі жасанды интеллектіден тәртібі қиын оқушымен қалай жұмыс істеу керегін сұрағанда, баланы өзгелерден оқшаулауға қатысты жауап алғаны баяндалған.

Бұл жеке тәжірибе ретінде айтылған әңгіме болғанымен, әлеуметтік желіде бала тәрбиесіне қатысты шешімдерді жасанды интеллектіге толық сеніп тапсыруға күмәнмен қарайтындар бар екенін көрсетті.

«Мұғалімсіз қалған кезде ғана қадірін түсінеді»

Талқылауда ұстаздардың еңбегін бағалау мәселесі де көтерілді.

Бір оқырман мектепте мұғалімдер жетіспей қалған кезде ғана олардың күнделікті еңбегінің қаншалықты маңызды екенін жұрт түсінетінін жазған.

Басқа пікірлерде ата-аналар мен мектеп әкімшілігінің қысымы, мұғалімнің сабыр сақтауға мәжбүр болатын жағдайлары айтылды.

Ал кейбір оқырмандар жасанды интеллектіні қауіп емес, мұғалімнің бірқатар жұмысын жеңілдететін көмекші ретінде қабылдайтынын білдірген.

Осылайша мұғалімнің шай ішу туралы бір ауыз әзілі сабақ беруден бөлек атқарылатын жұмыстарға қатысты үлкен пікірталасқа ұласты.

Жарияланымға жазылған пікірлердің басым бөлігі жасанды интеллектінің білім беру мүмкіндіктерінен гөрі мұғалімнің күнделікті қызметіндегі көзге көрінбейтін міндеттеріне арналды.

Әзілдің ең ащы тұсы да осында: оқырмандар мұғалімді алмастыратын технология туралы сөз болғанда, ең алдымен оның сабақ түсіндіруін емес, асханадағы кезекшілігін, ата-аналармен сөйлесуін және толассыз есептерін еске алған.

Барлық жаңалықтар