Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартпақ

Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартпақ

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін үшінші буындағы 3G мобильді байланыс технологиясын кезең-кезеңімен тоқтату жоспарланып отыр. Оның орнына 4G желісінің қамту аумағы кеңейіп, 5G технологиясы жаңа қалалар мен ауылдарға енгізіледі, деп жазады Democrat.kz.

Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта елдегі ауылдардың 84 пайызы мобильді интернетпен қамтылған. Жоспар бойынша 2027 жылдың соңына қарай 4G желісі 5 291 ауылда қолжетімді болады. Ал 5G технологиясын 70 қала мен 300 ауылға жеткізу көзделген.

Министрдің айтуынша, 3G базалық станцияларын 4G желісіне жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл мобильді интернет жылдамдығын арттыруға және желінің өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Алайда технологияны жаңарту барлық аумақта бірдей нәтиже бермеуі мүмкін. Әсіресе шалғай ауылдарда байланыс сапасын қамтамасыз ету үшін жаңа базалық станциялар, электр инфрақұрылымы және талшықты-оптикалық желілер қажет. 

Барлық жаңалықтар