Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының нақты тұрмыс жағдайына көбірек назар аударылмақ. Енді мемлекет азаматтың әлеуметтік мәртебесімен шектелмей, табысын, мүлкін және өзге де жағдайларын ескереді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне жаңа талап енгізілетінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі өзгереді. Еңбек министрлігінің хабарлауынша, жаңа жүйе жәрдемақыны нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауды көздейді.
Қазір бірқатар мемлекеттік жәрдемақы азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына байланысты беріледі.
Ал жаңа тәртіп бойынша отбасының нақты қаржылық жағдайы да ескеріледі.
Отбасылар бес санатқа бөлінеді
Жаңа жүйеде азаматтардың әл-ауқатын бағалау үшін Отбасының цифрлық картасы қолданылады.
Онда отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, баспана жағдайы, мүлкі, кәсіпкерлік қызметі және несие міндеттемелері ескеріледі.
Осы мәліметтердің негізінде отбасылар бес санатқа бөлінеді.
«А» санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар, «В» санатына ауқатты отбасылар жатқызылады.
«С» санатында тұрмысы қанағаттанарлық отбасылар болады.
Ал «D» және «Е» санаттарына экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар енгізіледі.
Министрліктің түсіндіруінше, 2027 жылдан бастап жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде осы санаттар ескеріледі.
Заңда қарастырылған ерекше жағдайларды қоспағанда, «А» және «В» санатындағы отбасыларға аталған төлемдер тағайындалмайды.
Жалғыз пәтері бар отбасы жәрдемақыдан айырыла ма?
Еңбек министрлігі тұрғын үйі немесе автокөлігі бар азаматтардың барлығы автоматты түрде ауқатты деп танылмайтынын түсіндірді.
Мысалы, отбасының күнделікті қажетіне пайдаланатын жалғыз баспанасы мен көлігі болуы мемлекеттік көмектен айыруға өздігінен негіз болмайды.
Жүйе отбасының жалпы жағдайын бағалайды.
Бұл ретте ипотекалық берешек, несие бойынша мерзімі өткен қарыздар, балаларды және күтімді қажет ететін отбасы мүшелерін асырауға байланысты жағдайлар да ескеріледі.
Сондықтан мүлкі бар екі отбасының әлеуметтік санаты бірдей болмауы мүмкін.
Қандай жәрдемақылар бұрынғы тәртіппен төленеді?
Министрліктің мәліметінше, республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 22-сіне жаңа талап қолданылмайды.
Атап айтқанда, мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты негізгі мемлекеттік жәрдемақылар бұрынғы тәртіппен тағайындала береді.
Сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтардың жұмысынан айырылуына, жүктілік пен босануға және бала күтіміне байланысты қордан алатын төлемдері отбасының әл-ауқат санатына тәуелді болмайды.
Отбасының жағдайын кім анықтайды?
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бағалау мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
Отбасының мәртебесі ай сайын жаңартылып отырады.
Азаматтар өздерінің алдын ала әлеуметтік санатын электрондық үкіметтің ұялы қосымшасындағы «Әл-ауқатты бағалау калькуляторы» арқылы тексере алады.
Егер мәліметтер ескірген немесе дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жеріндегі әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органға жүгінуге мүмкіндік бар.
Осылайша 2027 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың бір бөлігін тағайындау кезінде азаматтың санаты ғана емес, отбасының нақты материалдық жағдайы да есепке алынады.