Қазақстанда мұнай-газ кәсіпорындарын цифрландыруға арналған жаңа қаржыландыру тетігі іске қосылды. Енді жер қойнауын пайдаланушылар міндетті қаржы аударымдарының бір бөлігін өндірістік нысандарға цифрлық шешімдер енгізуге бағыттай алады, деп жазады Democrat.kz.
Жаңа ережелерді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Энергетика министрлігі бірлесіп бекітті. Тетік бойынша көмірсутек шикізатын өндіруге лицензиясы бар компаниялар өткен жылғы өндіру шығындарының 1 пайызы көлеміндегі міндетті қаржыландыру аясында цифрландыру жобаларын жүзеге асыра алады.
Бұл қаражатты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға немесе өндірістік процестерді цифрландыруға бөлуге болады. Міндетті аударымның жалпы көлемі өзгермейді, тек оны пайдалану бағыттары кеңейтіледі.
Жобаларды үйлестіру міндеті Astana Hub-қа жүктелген. Платформа кәсіпорындардың техникалық қажеттіліктерін анықтауға, оларды қазақстандық IT компаниялармен байланыстыруға және шешімдерді енгізу барысын сүйемелдеуге қатысады.
Жаңа механизм жасанды интеллект, өндірістік қауіпсіздік, жабдықтардың жұмысын бақылау және операциялық тиімділікті арттыру бағыттарында отандық технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Болашақта осындай тәсілді басқа да өндіруші салаларға тарату жоспарланып отыр.