«Мұғалімді тексересіздер, ал министрлікті кім тексереді?»: Белсенді ұстаз өткір талап қойды

«Мұғалімді тексересіздер, ал министрлікті кім тексереді?»: Белсенді ұстаз өткір талап қойды

Қазақстанда білім сапасы төмендесе, алдымен мұғалімнің жұмысы тексеріліп, кемшілігі ізделеді. Ал оқу бағдарламаларын әзірлейтін, стандарттарды бекітетін және реформаларды енгізетін құрылымдардың шешімдерін кім бағалайды? Белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі осы мәселені көтеріп, педагогтерге білім саясатын тәуелсіз зерттеу және оған ықпал ету құқығын заң жүзінде беруді талап етті, деп жазады Democrat.kz.

«МҰҒАЛІМ БІЛІМ САЯСАТЫНА ҚАШАН ШЫНАЙЫ АРАЛАСА АЛАДЫ?»

Белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі әлеуметтік желідегі жазбасын осындай сауалмен бастап, Қазақстандағы білім жүйесінің басқару тәртібін өткір сынға алды.

Оның айтуынша, мектептегі білім сапасына қатысты мәселе туындаса, алдымен мұғалімнің жұмысы зерделенеді. Тексеру тобы келіп, сабақ жоспарлары мен құжаттарды белгіленген өлшемдер бойынша қарайды. Ал оқу бағдарламаларын, мемлекеттік стандарттар мен оқулықтарды әзірлеген құрылымдардың жауапкершілігі назардан тыс қалады.

«Неге зерделеу құқығы тек жоғарыдан төмен қарай бағытталған? Мұғалім неге үнемі тексерілетін нысан болуы керек?» – деп сұрайды ол.

«Көзбояушылықтан шаршадық»

Сәния Нүсіпәлі мұғалімдердің білім саясатына қатысуы көбіне пікір білдірумен ғана шектелетінін сынға алған.

«Пікір сұраған болып, шешімді бұрынғыдай қабылдай беретін көзбояушылықтан шаршадық», – дейді ұстаз.

Оның пікірінше, педагогтердің ұсынысын тыңдайтын, бірақ қабылданатын шешімге ықпал ете алмайтын кеңесші құрылымдар жеткілікті.

Сондықтан ол кезекті кеңес құруды емес, нақты өкілеттігі бар тәуелсіз кәсіби топ қалыптастыруды ұсынып отыр.

«Педагогтердің тәуелсіз зерттеу тобын заңдастыру қажет!» – деп мәлімдеді белсенді ұстаз.

Мұғалімдер министрліктің шешімдерін де тексеруі керек

Сәния Нүсіпәлінің ұсынысы бойынша, тәуелсіз зерттеу тобы қолданыстағы оқу бағдарламалары мен мемлекеттік стандарттардың мектеп өміріне сәйкестігін зерделеуге тиіс.

Сондай-ақ педагогтер тиімсіз бағдарламаларды анықтап, оларды өзгертуге немесе алып тастауға ұсыныс бере алуы керек.

Ұстаз оқулықтар мен бағалау жүйесіне кәсіби сараптама жүргізуді, министрлік қабылдаған басқару шешімдерінің мектептегі нәтижесін зерттеуді және қорытындыларды көпшілікке жариялауды ұсынады.

Оның пайымдауынша, білім саласындағы өзгерістерді тек жоғары лауазымды шенеуніктер мен ғалымдар шешпеуі керек.

«Мұнда министрлік өкілі, ғалым, әдіскер мен мұғалім бір үстел басында тең дәрежеде отыруы керек. Лауазым мен атақ емес, дәлел мен нәтиже шешуші болсын!»

«Мұғалімнің уақыты жүйенің кемшілігін дәлелдеумен өтпеуі тиіс»

Белсенді педагог бұған дейін мұғалімдердің тиімсіз бағдарламаларға қатысты бірнеше рет мәселе көтергенін, тіпті кейбірін алып тастауға қол жеткізгенін айтады.

Алайда ол әрбір қате шешімді өзгерту үшін ұстаздардың жеке-жеке күресуге мәжбүр болуын қалыпты жағдай деп есептемейді.

«Біз тиімсіз бағдарламаларды талай рет дәлелдедік. Табандылық танытып, кейбірін алып тастауға да қол жеткіздік. Бірақ әрбір қате шешім үшін мұғалімнің жеке-жеке күресуі қалыпты жағдайға айналмауы керек».

Сәния Нүсіпәлінің пікірінше, педагогтің негізгі уақыты білім жүйесіндегі кемшіліктермен күресуге емес, оқушыны оқытуға жұмсалуы қажет.

Ол ғалымдар әзірлеген бағдарламалар мектеп тәжірибесінде сыналып, олардың нәтижесін мұғалімдермен бірлесіп талдау тәртібін қалыптастыруды ұсынады.

«Енді оған сөз жүзінде емес, заңды түрде құқық берілсін!»

Үндеуінің соңында ұстаз білім саласындағы ең маңызды мәселелердің бірін қайта көтерген.

Мұғалім қабылданған шешімдерді орындайтын қызметкер болып қала бере ме, әлде сол шешімдерді әзірлеуге және бағалауға тең дәрежеде қатыса ала ма?

Сәния Нүсіпәлі педагогтердің білім саясатына ықпал ету құқығы заң жүзінде бекітілуге тиіс деп есептейді.

«Бүгін мұғалімнен есеп талап ететін жүйеге ертең мұғалім де кәсіби сұрақ қоя алуы керек».

Белсенді ұстаздың министрлікке бағытталған талабы – педагогтерге білім беру жүйесін тәуелсіз зерделеуге, оның кемшіліктерін дәлелдеуге және қабылданатын шешімдерге ықпал етуге нақты құқық беру.

«Менің жауабым анық: мұғалім білім саясатына шынайы араласатын уақыт әлдеқашан келді. Енді оған сөз жүзінде емес, заңды түрде құқық берілсін!»

Барлық жаңалықтар