Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қызметшілерге ресми ақпарат алмасу кезінде ұлттық Aitu мессенджерін пайдалануды тапсырды. Үкімет платформаның мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны мемлекеттік цифрлық экожүйенің маңызды бөлігіне айналдыруды көздеп отыр, деп жазады Democrat.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр мемлекеттік қызметшілер Aitu қосымшасын күнделікті пайдалануы және ресми ақпаратты осы ұлттық мессенджер арқылы жіберуі қажет екенін айтты.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, платформада шамамен 7 миллион пайдаланушы тіркелген. Оның 350 мыңға жуығы сервисті күн сайын қолданады.
Aitu құрамында eGov GPT қызметі мен 55 мемлекеттік қызмет бар. Жыл соңына дейін электронды үкімет порталындағы қызметтердің 75–80 пайызын платформаға біріктіру жоспарланған.
Мұндай шешім мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды бір жүйеге шоғырландыруға бағытталған. Сонымен қатар отандық цифрлық платформаның дамуы деректерді сақтау мен ақпараттық қауіпсіздікті басқару мәселелерін де алдыңғы қатарға шығарады.