Жапонияда жасанды интеллект технологияларының таралуы еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің талаптарына әсер ете бастады. Жаңа зерттеуге сәйкес, кеңсе және әкімшілік қызметтерге мамандар қабылдайтын компаниялардың бір бөлігі алдағы уақытта түлектерді жұмысқа алу көлемін қысқартуды жоспарлап отыр, деп жазады Democrat.kz.
Mynavi компаниясы жүргізген зерттеуге түрлі саладағы 1 667 кәсіпорын қатысқан. Сауалнама 2026 жылдың қыркүйек-қазан айларында өткізілген.
Нәтижелерге сәйкес, 2027 жылдың сәуірінен басталатын қаржы жылында әкімшілік және кеңсе қызметтеріне жас мамандар қабылдайтын компаниялардың 19,6 пайызы жұмысқа алу көлемін азайтуды көздейді. Ал 79,2 пайызы кадр қабылдау деңгейін өзгертпеуді жоспарлаған.
Компаниялар мұндай шешімнің себептерінің бірі ретінде жасанды интеллектінің бұрын бастапқы деңгейдегі қызметкерлер орындайтын міндеттерді атқара алуын көрсеткен. Мысалы, құжат дайындау, жиналыс хаттамаларын жазу және ақпаратты өңдеу сияқты жұмыстарды автоматтандыру мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Сонымен қатар IT саласында және өндірістік мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдауды арттыруға ниетті кәсіпорындар да бар. Сауалнамаға қатысқан IT мамандарын іздейтін компаниялардың 10,3 пайызы кадр қабылдауды көбейтуді қарастырады.
Зерттеу еңбек нарығында мамандық таңдаумен қатар, технологиялық сауаттылық, кәсіби бейімделу және жасанды интеллектпен жұмыс істей білу дағдыларының маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.