Әлеуметтік желіде мектеп мұғалімдерінен газетке жазылу үшін ақша жиналып жатқаны туралы шағым жарияланды. Жазба авторының айтуынша, ұстаздардан 5 мыңнан 7500 теңгеге дейін қаражат талап етілген. Алайда пікірталаста мұндай ақша жинауды заңсыз деп сынағандармен қатар, оны басшылыққа көмектесу үшін орындау керек деп есептейтіндер де табылды, деп жазады Democrat.kz.
«Осы айлықтан газетке жазылудың ақшасын сала беріңіздер!!!»
Әлеуметтік желіде жарияланған мұғалімдердің хат алмасуындағы осы хабарлама көпшіліктің назарын аударды.
Жазба авторының айтуынша, мектепте газетке жазылу үшін мұғалімдерден 5000, 6000 және 7500 теңгеден ақша жинау талап етілген. Қаражатты жинау кітапханашыға тапсырылғаны да айтылған.
Бірақ шағым тек газетпен шектелмейді.
Автордың мәлімдеуінше, ұстаздардан кабинетке, жөндеу жұмыстарына, гүлге және басқа да қажеттіліктерге ақша жиналады. Бұған қоса, мұғалімдерді ақылы курстар мен түрлі шараларға қатысуға мәжбүрлейтін жағдайлар бар.
Бұл мәліметтер әзірге әлеуметтік желідегі жазбаға негізделген. Олардың қаншалықты рас екені ресми түрде анықталған жоқ.
«Жылына бір рет газетке ақша бергенде тұрған не бар?»
Бір қызығы, пікірталаста мұғалімдерден газетке ақша жинауды қолдаушылар да табылды.
«Онда тұрған не бар. Жылына бір ақ рет газетке бергенде тұрған ештеңе жоқ», – деп жазған оқырман.
Оның пікірінше, мектепке белгілі бір басылымға жазылу жөнінде тапсырма берілгендіктен, ұжым бұл мәселені бірігіп шешуі керек.
«Бұл да жоғарыдан бөлінген тапсырма», – дейді ол.
Тағы бір пікірде мектеп басшылығын қолдаудың орнына мәселені үлкен дауға айналдыру дұрыс емес деген ой айтылған.
Пікір иелері әр мекемеде түрлі қиындықтар кездесетінін, ондай жағдайда ұжым басшысына қолдау білдіруі қажет екенін алға тартады.
Алайда бұл пікірлер маңызды сұрақ туғызады.
Жоғарыдан тапсырма берілсе, оны орындау үшін мұғалім өз қалтасынан ақша шығаруға міндетті ме?
Мектептің басылымға жазылу жоспары болса, оның шығынын қызметкерлер неге көтеруі керек?
Газетке мәжбүрлеп жаздыру заңсыз!
Қазақстанның «Педагог мәртебесі туралы» заңы мұғалімге кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарды жүктеуге, тауарлар мен қызметтерді міндетті түрде сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салады.
Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті де бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген.
Комитеттің ұстанымы нақты: мұғалімдерді газет-журналдарға еркінен тыс жазылуға мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ.
Мерзімді басылымға жазылу – әр адамның ерікті таңдауы.
Сондықтан мектеп басшылығының тапсырмасы немесе ұжымдық келісім туралы уәж мұғалімнің өз қаражатын жұмсауға міндетті екенін білдірмейді.
Мұндай мәжбүрлеу фактісі расталса, педагог жергілікті Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағымдана алады.
Ұжымшылдық деген міндетті ақша жинау ма?
Әлеуметтік желідегі пікірталастың ең үлкен қайшылығы да осы.
Бір тарап ұстаздардан ақша жинауды заңсыз талап деп есептесе, екіншісі оны ұжым болып шешуге болатын қарапайым мәселе санайды.
Тіпті газетке жазылуға қарсы шыққандарды басшылыққа қолдау көрсетпейді деп сынағандар бар.
Алайда ұжымшылдық пен міндетті төлемнің арасында айырмашылық бар.
Қызметкерлердің өз еркімен қаражат жинауы – бір мәселе. Ал нақты сома белгілеп, әр мұғалімнен ақша талап ету – мүлде басқа жағдай.
Бұл жерде газетке жазылудың пайдалы немесе пайдасыз екені талқыланып отырған жоқ. Мәселе – мұғалімнің өз ақшасын қалай жұмсайтынын кім шешетінінде.
Әлеуметтік желідегі жазбада көтерілген шағым рас болса, мектеп басшылығы газетке жазылуды ұйымдастырумен ғана шектелмей, қызметкерлерден ақша талап етудің құқықтық негізін де түсіндіруге тиіс.
Өйткені жоғарыдан қандай тапсырма берілсе де, оның орындалуы заңға қайшы келмеуі керек.
Ал мұғалімнің жалақысы мектептің міндетті шығындарын жабатын ортақ қор емес.
