Ұстаздар білуге тиіс заң: Өзге мұғалімді алмастырсаңыз жалақыңыз қалай есептеледі?

Ұстаздар білуге тиіс заң: Өзге мұғалімді алмастырсаңыз жалақыңыз қалай есептеледі?

Қазақстан мектептерінде мұғалімдердің еңбек демалысына шығуына, сырқаттануына немесе басқа себептермен жұмысқа келмеуіне байланысты олардың сабақтарын әріптестері алмастырып өткізетін жағдайлар жиі кездеседі. Алайда мұндай қосымша жұмысқа еңбекақы қалай төленетінін барлық педагог бірдей біле бермейді. Заң бойынша уақытша жоқ мұғалімді қатарынан екі айдан астам алмастырған жағдайда еңбекақы алғашқы күннен бастап қайта есептелуге тиіс, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда өзге мұғалімнің орнына сабақ өткізген педагогтерге еңбекақы төлеудің нақты тәртібі бекітілген.

Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығымен реттеледі.

Аталған бұйрықтың 9-тармағында уақытша болмаған мұғалімді алмастырғаны үшін төленетін еңбекақының екі түрлі тәртібі қарастырылған.

Бірінші жағдай: екі айға дейін алмастырсаңыз

Егер мұғалім науқастанып, еңбек демалысына шығып немесе басқа себеппен жұмысқа келмей қалса, оның сабақтарын уақытша өткізген педагогке нақты өткізілген сағаттар үшін ақы төленеді.

Мұндай жағдайда сағаттық төлем қолданылады.

Мәселен, мұғалім өз жүктемесіндегі сабақтардан бөлек, әріптесінің аптасына алты сағатын өткізсе, сол қосымша сағаттар есепке алынуы керек.

Сағаттық еңбекақы педагогтің біліктілігі мен белгіленген есептеу тәртібіне сәйкес анықталады.

Бұл тәртіп алмастыру мерзімі қатарынан екі айдан аспаған жағдайда қолданылады.

Екінші жағдай: алмастыру екі айдан асса

№191 бұйрықтың 9-тармағына сәйкес, егер уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау қатарынан екі айдан астам жалғасса, педагогтің жалақысы жалпы тәртіппен қайта есептеледі.

Ең маңыздысы – қайта есептеу үшінші айдан емес, алмастыру басталған алғашқы күннен жүргізіледі.

Мысалы, мұғалім 1 қыркүйектен бастап әріптесінің сабағын алмастырып, бұл жұмыс 10 қарашаға дейін үздіксіз жалғасты делік.

Мұндай жағдайда жалақыны есептеу кезінде қыркүйек пен қазан айларында атқарылған қосымша педагогикалық жүктеме де ескерілуге тиіс.

Бұған дейін сағаттық ақы төленген болса, жалпы тәртіппен есептелген сома салыстырылып, айырмасы анықталады.

Бұл мұғалімге міндетті түрде екі адамның толық жалақысы төленеді деген сөз емес. Еңбекақы нақты педагогикалық жүктемеге, біліктілікке және тиісті төлемдерге қарай есептеледі.

Қосымша ақылар мен үстемеақылар да ескеріле ме?

Иә, бірақ олардың барлығы бірдей автоматты түрде қосылмайды.

№191 бұйрықтың 13-тармағына сәйкес, педагогтің айлық жалақысы нақты оқу жүктемесі негізінде есептеледі.

Бұл ретте заңда белгіленген және педагогке тиесілі қосымша ақылар мен үстемеақылар ескеріледі.

Мәселен, біліктілік санатына қатысты төлемдер мен нақты атқарылған қосымша жұмысқа байланысты ақылардың есептелуі тиісті құқықтық талаптарға сәйкес анықталады.

Сондықтан екі айдан астам алмастырған мұғалім өзінің қосымша сағаттары ғана емес, сол жүктемеге байланысты тиісті төлемдердің де дұрыс есептелгенін тексере алады.

Алмастырған сабақтарға ақша төленбесе не істеу керек?

Мұғалім өзіне тиесілі еңбекақыны тексеру үшін мына әрекеттерді жасай алады.

  1. Ең алдымен, алмастыру туралы мектеп директорының бұйрығын, сабақ кестесін және нақты өткізілген сағаттар туралы мәліметтерді сұрату қажет.

  2. Мектептің есеп бөлімінен қосымша сабақтарға қанша ақша есептелгенін көрсететін еңбекақы есебін алу керек.

  3. Егер алмастыру қатарынан екі айдан астам жалғасса, №191 бұйрықтың 9 және 13-тармақтарына сүйеніп, жалақыны алғашқы күннен бастап қайта есептеуді жазбаша талап етуге болады.

  4. Мектеп әкімшілігі тиісті төлемді жүргізбесе немесе негізді түсініктеме бермесе, педагог мемлекеттік еңбек инспекциясына, соның ішінде «Е-Өтініш» жүйесі арқылы шағымдана алады.

Еңбек инспекциясы құжаттарды тексеріп, заңбұзушылық анықталған жағдайда оны жою жөнінде шара қолдана алады.

Мұғалім қосымша сабақ өткізуден бас тарта ала ма?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 111-бабына сәйкес, негізгі жұмысымен қатар уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау қосымша жұмыс болып саналады.

Мұндай жұмысқа ақы төленуге тиіс.

Ал қосымша жұмыстың көлемі, мерзімі және ақы төлеу шарттары жұмыс беруші мен қызметкер арасында келісіліп белгіленеді.

Еңбек кодексінде қызметкердің қосымша жұмысты орындаудан бас тарту құқығы да қарастырылған. Бұл ретте заңда көзделген алдын ала хабарлау тәртібі сақталуы керек.

Сондықтан мұғалімнің басқа әріптесінің сабағын өткізуі ақысыз міндет ретінде қарастырылмауға тиіс.

Ең бастысы, мектеп әкімшілігі уақытша алмастыруды ұйымдастырғанда оның мерзімін, нақты жүктемесін және еңбекақы төлеу тәртібін дұрыс рәсімдеуі қажет.

Өйткені мұғалімнің өз сабағынан бөлек өткізген әрбір сағаты – оның нақты атқарған еңбегі.

Ал сол еңбекке ақы төлеу мектеп басшылығының қалауы емес, заңмен реттелетін міндет.

 
Барлық жаңалықтар