«Әр мұғалім 10 ата-ана шақырсын!»: Сайлауға ұстаздарды шапқылату басталды ма?

«Әр мұғалім 10 ата-ана шақырсын!»: Сайлауға ұстаздарды шапқылату басталды ма?

Әлеуметтік желіде мұғалімдерге сайлауға ата-аналарды шақыру тапсырылғаны туралы жазба қызу талқыланып жатыр. Жарияланған хабарламаға қарағанда, әр педагог он ата-ананың тізімін жасауға тиіс. Бұл жағдай ұстаздардың наразылығын туғызып, олардың кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға қайта тартылып жатқаны туралы мәселені көтерді, деп жазады Democrat.kz.

«Апайлар, демалыс күнгі сайлауға әр мұғалім 10 ата-ана жазсын деп хабарласты».

Әлеуметтік желіде жарияланған осы бір хабарлама мектеп мұғалімдеріне тағы да қосымша міндет жүктеліп жатқаны туралы пікірталас туғызды.

Хабарламада әр мұғалімнен сайлауға қатысуға шақырылатын он ата-ананың тізімін жасау сұралған. Ол үшін арнайы кесте жіберілетіні айтылған.

Бұл жағдайға наразылық білдірген ұстаздардың бірі әлеуметтік желіде:

«Ал енді осы дұрыс па?!

Алда сайлау келе жатыр. Мұғалімдерді тағы да өздерінің тікелей міндетіне кірмейтін жұмыстарға тарта бастады. Енді әр мұғалім сайлауға 10 ата-ананы шақыруы керек екен», – деп жазған.

Ол педагогтердің мойнына осындай қосымша жұмыстардың қашанға дейін жүктелетінін сұраған.

«Біздің негізгі міндетіміз — сапалы білім беру емес пе?!» – дейді жазба авторы.

«Мұғалімнің сайлауға мүлдем қатысы жоқ!»

Жарияланымның астында мұғалімдердің сайлау науқанына қатыстырылуына қатысты өткір пікірлер жазылған.

«Мұғалімнің мүлдем сайлауға қатысы жоқ қой. Ал енді мектептерді әкімдіктің қарамағына өткізгеннің кесірі осы», – дейді пікір білдірушілердің бірі.

Тағы бір оқырман педагогтердің демалыс уақытына қол сұғылып жатқанын айтып:

«Бір демалысымызда демалсақ дұрыс болар еді», – деп жазған.

Ал өзгелері мұндай тапсырмаларға мұғалімдердің өздері қарсы тұруы керектігін алға тартқан.

«Кімнен көресіздер? Өздеріңіз шешпесеңіздер проблемаларыңызды ешкім шешпейді», – деген пікір де бар.

«Істемесе, ешкім басын алмайды», – деп жазған тағы бір желі қолданушысы.

Кейбір оқырмандар бұл жағдайды «масқара» деп бағалаған.

Заң бойынша мұғалім сайлауға адам жинауға міндетті ме?

Қазақстанның «Педагог мәртебесі туралы» заңында мұғалімді кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмыстарға тартуға, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынған.

Ал сайлауға қатысатын ата-аналардың тізімін жасау, оларды дауыс беруге шақыру педагогтің тікелей кәсіби міндетіне жатпайды.

Сондай-ақ Қазақстанның сайлау туралы конституциялық заңына сәйкес, азаматтарды сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге болмайды.

Демек, сайлау туралы ақпараттандыру мен мұғалімге міндетті түрде белгілі бір мөлшерде адам жинауды тапсырудың арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Егер педагогтерден он ата-ананың тізімін жасау міндетті түрде талап етіліп, тапсырманы орындамағаны үшін жауапкершілік жүктелсе, мұндай әрекеттің заңдылығы тексерілуге тиіс.

Әзірге әлеуметтік желідегі хабарламаның нақты қай мектептен тарағаны, тапсырманы кім бергені және оның ресми негізі бар-жоғы белгісіз.

Мектеп мұғалімі қашанға дейін қосымша міндет атқарады?

Жарияланған жазба білім саласында бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселені қайта қозғады.

Мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыға сапалы білім беру. Алайда ұстаздар түрлі науқандық жұмыстарға, қосымша есептер мен ұйымдастыру шараларына тартылатынын жиі айтып келеді.

Енді әлеуметтік желідегі жазбаға қарағанда, сол міндеттердің қатарына сайлауға ата-аналарды шақыру да қосылған болуы мүмкін.

Бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен мұғалімдердің кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартылуы туралы шағымдар аясында талқылануға негіз бар.

Ең бастысы, сайлауға қатысу – әр азаматтың еркін таңдауы. Ал мұғалімнің сол таңдауға ықпал ету үшін міндетті түрде адам жинауы оның қызметтік міндеті ретінде қарастырылмауға тиіс.

Әлеуметтік желідегі даудың түйіні де осы: білім сапасына жауап беретін педагог неге сабақ берудің орнына сайлауға қатысатын адамдардың тізімін жасауы керек?

Барлық жаңалықтар