Үкімет Жетісу облысының алты ауданында газ құбырлары мен тарату желілерін салуға 37,4 млрд теңге бөлді. Жоба шамамен 100 елді мекенді көгілдір отынмен қамтып, 183 мыңнан астам тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған, деп жазады Democrat.kz.
Қаражат «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы Инфрақұрылымды дамыту қорынан бөлінген. Газдандыру жұмыстары Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарында жүргізіледі.
Қаржының 27 млрд теңгеден астамы Талдықорған – Үшарал магистральдық газ құбырына қосылатын 84 ауылдың желілерін салуға бағытталмақ. Магистральдық құбыр 2025 жылы аяқталған. Ендігі міндет — одан елді мекендерге дейін тарату желілерін жеткізу.
Жобаның бір бөлігі аясында шамамен 2 700 шақырым газ тарату желісін салу жоспарланған. Бұл үш аудандағы 133,9 мың тұрғынды газбен қамтуға мүмкіндік береді.
Газдандыру ауыл тұрғындарының көмір мен басқа қатты отын түрлеріне тәуелділігін төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар тұрмыстық шығындарды жоспарлауға және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.