Щучинск қаласындағы жеке үй өртеніп, 58 жастағы ерлі-зайыпты қаза тапты. Полицияның алдын ала дерегі бойынша үйге 39 жастағы жергілікті тұрғын қасақана өрт қойған болуы мүмкін, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп жазады Democrat.kz.
Өрт Ақмола облысының Щучинск қаласындағы жеке тұрғын үйде болған.
Төтенше жағдайлар қызметі келген кезде жалын шамамен 90 шаршы метр аумақты қамтыған.
Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар үй ішінен 1968 жылы туған ер адам мен әйелдің денесін алып шыққан.
Алғашқы уақытта оқиғаның себебі анықталып жатқаны хабарланған еді.
Кейін Ақмола облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын және күдікті ұсталғанын мәлімдеді.
Алдын ала тергеу нұсқасы бойынша, 39 жастағы жергілікті тұрғын тұрғын үйді әдейі өртеген болуы мүмкін.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп, қылмыстың себебі мен басқа да мән-жайы анықталып жатыр.
Оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.