Діни оқуды қаржыландырған министрлікті қоғам белсендісі сотқа берді

Ертең Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Әсел Тауханның ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің үстінен жазған шағымы бойынша сот отырысы өтеді деп хабарлайды Democrat.kz.
Әсел Таухан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігін жауапқа тарту туралы шағым түсірген.
Басты әкімшілік талап — Мемлекеттік бюджет есебінен діни оқу орнын қаржыландыруды заңсыз деп тану туралы.
«Мен — Қазақстан Республикасының салық төлеушісімін. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Діни оқу орны болып табылатын «Нұр—Мүбарак« Египет Ислам Мәдениеті университетіне мемлекеттік білім беру гранттарын бөледі.
ҚР Конституциясына (14, 19, 20, 22-баптар), сондай-ақ «діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы« Заңға сәйкес мемлекет зайырлы болып табылады және діни оқу орындарын қаржыландырмауға тиіс.
Министрліктің 07.02.2025 жылғы №ЖТ—2025—00283819 жауабында аталған университетті қаржыландыру білім беру гранттары арқылы жүзеге асырылатыны көрсетілген, бірақ бұл қаражатты бақылау және мақсатты пайдалану тетіктері түсіндірілмеген.
Талаптар: 1. «Нұр—Мүбарак« Египет ислам мәдениеті университетін мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру заңсыз деп танылсын. 2. Министрлікке осы оқу орнына білім беру гранттарын беруді тоқтатуды міндеттеңіз. 3. Министрлікті бұрын бөлінген қаражатты мемлекеттік бюджетке қайтаруға міндеттеу», — дейді Әсел Таухан.
Мұнан бөлек сотқа Әсел Таухан қосымша дәлел ретінде тиісті құжаттар ұсынатынын да мәлімдеді.
Сондай-ақ, келесі кезекте қоғам белсенділері Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен оның министрлігін медреселерді бюджеттен қаржыландырғаны үшін сотқа тартуды жоспарлап отыр.
Сот ашық түрде, сағат 15-00-де өтеді.
Фото көрнекілік үшін.