Мектеп әжетханасындағы бақылау камерасы — педофилдің «жерік асы» болмасын

0
1421

Шымкент қаласындағы №29 Әлия Молдағұлова атындағы мектеп директоры мектептің әжетханасына бақылау камерасын орнаттырған деп жазады Democrat.kz. Бұл туралы сол мектептің мұғалімі Жанар Рахимбаева әлеуметтік желіде жазба жариялап, дабыл қақты. 

Мұғалімнің жазбасын Democrat.kz. сайты жариялаған еді. Осы жазбаға орай оқырманның пікірі екіге бөлінді десек болады.

Бір тарап «дұрыс, қауіпсіздік үшін қойлуы керек», «онда тұрған ештеңе жоқ», «пәленің бәрі әжетханада болады, камера қойылғаны дұрыс» деген сыңайда пікір жазуда.

Ал келесі тарап «бұл — психологиялық қысым», «әжетханада камераның болуы — әдепсіздік», «заңсыз және ұят нәрсе», «бала құқығын бұзу емес пе?», «бұл қалай, дұрыс емес қой бұл» десіп жатыр.

Осы мәселені екі жағынан да қарастырып көрейікші. Түрлі бұзақылық әрекеттер жасалып, ұрыс-төбелес болатын жер деп әжетханаға бақылау камерасын орнатқан жөн дейік.

Камера бар екен деп бала ұрыс-төбелесін тоқтата қоя ма әлде төбелесті камера жоқ жерде жүзеге асыра ма? Бақылау камерасы баланың қауіпсіздігі үшін десек, әжетханада болатын жайсыз жағдайға камера қаншалықты кедергі келтіре қояды?

Мұнан бөлек, қауіпсіздік үшін қойылған бұл құрылғыны кім қарап, сырттай бақылап отырады? Дұрыс, мектеп күзетшісі. Ал еліміздегі мектеп күзетшілерінің 80-90 пайызы әйел емес, еркек.

Енді ойлап қараңызшы, әжетханаға сіздің 12-13 жасар қызыңыз кірді. Кабинадан шыққан соң, етегін көтеріп, ішкиімдерін түзетті, жейдесін дұрыстады, колготкиін тартып, түзетті делік.

Уыздай үлбіреп тұрған қыздың бұл әрекеттерін сырттай кім бақылап отыр? Дәл солай, күзетші еркек. Кешіріңіз, дәл қазір біздің қоғам нәпсісін игере алмайтын еркекке толы қоғам екенін ескерсек, әлгі камера күзетшінің «ойыншығына» айналмасына кепілдік бар ма?

Жарайды, күзетшіміз өзін басқара білетін мықты еркек делік. Әйтсе де, камерасы төбеден төніп тұрған әжетханаға бала түгілі үлкен кісінің емін-еркін кіруі мүмкін бе? Санасы бар адам әлгі камерадан қысылатыны сөзсіз. Ал бала ше?

Осы мақалаға көрнекілік үшін интернеттен сурет іздедік. «Видеонаблюдение в туалете» деп жазып, іздеуге салып, жағамызды ұстадық. Біз күткен камера суреті емес, сорақы, сұмдық суреттер шықты! Әлгі суреттің бәрі туалеттегі бақылау камерасынан түсірілген. Сенбесеңіз, сіз де интернетке жазып, тексеріп көріңіз.

№29 мектептің әжетханасындағы бақылау камерасы түсірген видеолардың да интернетке осылай шығып кетпесіне кепілдік бар ма?

«Бала қауіпсіздігі» деген жалаң ұраннан гөрі нағыз қауіпті мәселені аттамағанымыз дұрыс емес пе? Онсызда әр бұрышта бала торуылдаған педофил аз емес. Ал әлгіндей видеолар педофил үшін «жерік асы» емес пе, қалай ойлайсыз?

Өз жазбасында Жанар Рахимбаева әлгіндей бақылау камерасын «директорлар өз әжетханасына орнатсын» депті. Өте дұрыс! Алдымен директорлар мұндай «игі істі» өздерінен бастаса, қайтеді?

Сондай-ақ әлеуметтік желідегі бір пікірде «әжетханаға емес, директор, завучтың бөлмесіне бақылау камерасы орнатылуы керек. Пәленің бәрі сол кабинеттерде болуда» деген екен.

Әжетханаға бақылау камерасын қойып, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деушілер бала қауіпті жағдайға тап болмасы үшін дұрыс тәлім-тәрбие, терең білім берсе, ешбір камераның қажеті де болмас еді.

Ал дұрыс тәлім-тәрбие, терең білім бергісі келген мектепте бақылау камералары әжетханаға емес, директор мен завучтардың кабинеттеріне орнатылғаны дұрыс-ау?!

Бұған Шымкент қаласы, №29 мектептің директоры Майра Мамахова не дер екен?

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.