«Нысаналы мектеп»жобасын ашық сынағаным үшін жұмыстан қуылдым» дейді білікті ұстаз

0
2739

Қоғамда белсенділігімен, біліктілігімен, ал ең бастысы, кей мұғалімдерде бола бермейтін сауаттылығымен таныс тәжірибелі ұстаз Мира Барказатқызын мектеп жұмыстан шығарған деп жазады Democrat.kz.

Мира Барказатқызы — білім саласындағы былықтар мен қателіктерді ашық айтып, кемшіліктерді сынап жүрген белсенді ұстаз.

Бір жылға жасалған еңбек келісімшартының жарты жолда ешбір заңдық негізсіз тоқтатылуы — білікті ұстаздың белсенділігімен байланысты емес пе?

«Мен, осы уақытқа дейін “Нысаналы мектеп”(Мақсатты мектеп” жобасын әлеуметтік желіде ашық сынағаным үшін жұмыстан қуылдым.

Мектеп директоры Талгат Казыбаев, жұмыстан шығару себебі көрсетілмеген бұйрық шығарып отыр. Иә, мен зейнеткермін.

Зейнетке 2024 жылдың мамырында шықтым. Директормен тамыз айында сынып жетекшілік және 24 сағатқа келісімшартқа тұрдым.

Осы уақытқа дейін де оқу жылының ішінде Еңбек Заңы бұзылған жоқ, себебі жұмысыма қатысты ескерту, сөгіс, қатаң ескерту алмағанмын.

Шығармашылықпен жұмыс жасадым. Соның нәтижесінде министр Сәрінжіповтың мадақтамасын, министр Аймағамбетовтың “Алғыс хатын” алдым. Министр Ғани Бейсембаевтың “Ы.Алтынсарин төсбелгісін” берді.

Биыл екінші рет “педагог-шебер” санатын растадым.
Неліктен  жұмыстан қуылдым?! Бұйрықта келісімшарттың бұзылу себебі жазылмаған.

Зейнеткер болсам, елімізде 6 мыңнан аса зейнеткер мұғалім зейнетке шықса да еңбек етіп отыр. Мектепте менен басқа 6-7 зейнеткер жұмыс жасап отыр.

Неліктен жұмыстан қуылдым?! Билік тізгіні барлар мұғалімді кез келген уақытта зейнеткер екен деп жұмыстан шығара салуға құқылы ма?!» дейді Мира Барказатқызы.

Өз тарапымыздан сұрау салып білгеніміз — еңбее келісімшартын бұзуға нақты бір себеп болуға тиіс. Ондай себептер — ескерту, сөгіс алу, міндетін орындамау т.б.заңға қайшы әрекеттер болуы мүмкін.

Алайда Мира Барказатқызына мектеп басшылығы шығарған бұйрықта оның әлдебір заңсыз әрекет жасағаны, өз міндетін орындамай, ескерту, сөгіс алғаны көрсетілмеген.

Бұл қалай сонда? Білім саласында  «ұнатпаған», «ыңғайына келмейтін» адамды жұмыстан шығара беретін тренд басталғаны ма?

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото әлеуметтік желіден алынды.