Президенттің тапсырмасы орындалып, балалардың арманы орындалды

0
132

Жолдаудың маңызы, пәрмені оның дер кезінде, тиянақты орындалуына тікелей байланысты. Мемлекет үшін стратегиялық мәні ерекше бұл құжаттағы тапсырмалар тыңғылықты жүзеге асқан сайын Жолдаудың құндылығы арта береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларынан білім мен ғылым, мектеп пен мұғалімдер, жастар тәрбиесіне қатысты мәселе бір сәт те шет қалған емес.

Былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да Президент «Жайлы мектеп» жобасын жандандыру, «Ұлттық қор – балаларға» жобасын сапалы жүзеге асыру қажеттігін қаперге салып, іске асырудың нақты бағыт-бағдарын көрсетті. Осы тапсырмаларға орай елімізде 400-ге жуық «Жайлы мектеп» салу жоспарланған еді.

Президент өз Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», – деді.

«Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған. Бұл жоба еліміздің білім саласын батыстық стандартқа жақындатудың бір қадамы. Әрі Финляндия, Германия, Жапония сияқты өркениетті елдердің оқушыларына жасалған жағдайға жету мақсатында қолға алынған шара.

Шынын айтсақ, Жолдаудан кейін біраз уақыт энтузиазм болды. «Жайлы мектептер» жемқорлардан түскен қаражатқа салынады дегенде екі есе қуандық. Жер-жерлерден осындай керемет білім ошақтарының салынып, балаларға есігін ашып жатқанын көргенде көкірегімізді қуаныш кернеді.

Себебі мұндай мектептерде балалардың жан-жақты сапалы білім алып қоймай, көңіл көкжиегін кеңейтуіне, білім, ғылымға деген қызығушылығын арттыруына барлық жағдай жасалған. Осындай барлық мүмкіндік ескерілген «Жайлы мектептерде» еңбек ету әріптестерімізге де қуаныш сыйлайтыны рас.

Дәл осындай игілік Жолдауда жоспарланғандай барлық өңірлерде жасалса нұр үстіне нұр болмақ. Соның ішінде Алматы облысына да «Жайлы мектепке» сұранып тұрған жерлер бар. Мысалы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Азат селосында жайлы мектеп салу жоспарланып еді.

1923 жылы салынған бұл мектеп балшықтан соғылған. Өңір халқы осы көне мектептің орнына салынатын «Жайлы мектептің» іргетасы қаланатын күнді асыға күтіп жүр. Президент тапсырмасы орындалса, жайлы мектепте білім алсақ деген балалардың да арманы шындыққа айналады.

Білім саласындағы мәселелер тек «Жайлы мектеп» салумен шешілмейді. Оның бастысы менеджмент пен кадрлар. Сондықтан да алдағы президент жолдауында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, ұстаз мәдениеті мен мәртебесі, мектептердегі тәртіп мен мектеп ортасындағы психологиялық ахуалды оңалту шаралары үшін де жүйелі тапсырмалар айтылса құба-құп болар еді.

Мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар әлі де күшейтілуі тиіс. Егер басшысы қырсыз болса он жерден жайлы болсын ол мектеп Президент жүктеген межеден табыла алмайды.

Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы нәтижелі болсын десек, мектеп директорынан бастап, қарапайым мұғалімдерді жұмысқа алу, аттестациядан өткізу тетіктері ашық конкурстық негізде әділөтуі керек.

Алдағы мемлекет басшысының жолдауында әсіресе, мектеп басшылары, мектеп писхологы, мектептің тәрбие ісімен айналысатын мамандарының қызметке алыну процерадурасы қатаң бақылаумен жүретіндей нақты іс-жоспар ұсынылуы тиіс деп ойлаймын.

Мектептегі балаларды тамақтандырумен айналысатын компаниялардың жұмысы да көңіл бөлуді қажет ететін сала. Сонымен қатар, білім саласындағы жемқорлықтың жолын кесу де кезек күттірмес іс. Осындай өзекті мәселелерге шешімдер президент жолдауында көрініс табады деп сенеміз.

Сұлтан СҮЛЕЕВ,

Білім беру ісінің үздігі

Алматы облыстық салалық кәсіподақтар ұйымының төрағасы.

Фото автордың жеке парақшасынан алынды.